Басты Жаңалықтар Биыл Қарағанды облысында 25 инвестициялық жоба жүзеге асты

Биыл Қарағанды облысында 25 инвестициялық жоба жүзеге асты

Өндіріс өлкесіне айналған Қарағанды облысында тек он айдың өзінде өңдеу саласының үлесі 6,2 пайызға өсті. Өңірде көмір мен металлургия саласынан бөлек, тізіп айтар өнеркәсіп тізімі де кеңейген. Мәселен, биыл 25 инвестициялық жоба іске қосылып, 4 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Еліміздің индустриялық орталығының өсімі жөнінде тілші тарқатсын.

Қарағанды ертеден қуатты индустриалды орталық. Қазба байлығы көмірден басталып, темірмен толығып, мыс және вольфрам қорларымен асып тасуда. Ал өңдеу өнеркәсібінің де өрісі жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, Қарағанды құю-машина жасау зауыты өткен ғасырдың 40 жылдары іске қосылып, бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. 2018 жылы қайта жаңғыртылып, өндіріс қуаты 6 есеге күшейген.

Әділет Орынбай, қондырғы операторы:

Бір орында тұрған жоқ, дамып жатыр. Бұдан да мықты станоктар шығады. Бағдарламамен басқарылады. Орнатасың, бағдарламаны жібересің, станок әрі қарай өзі жұмысын жасай береді. Есігін жауып, қадағалаймыз.

Өңірдегі Саран қаласы индустриялық аймақтың арқасында моно қалалар тізімінен дербес шығып, көпке үлгі болуда. Онда жыл сайын өндіріс орындары артып келеді. Бүгінде автокөлік дөңгелегі мен тұрмыстық техника шығарып, автобус құрастыратын зауыттар жұмыс істеп тұр.

Георгий Когай, Qaztehna зауыты бас директорының орынбасары:

Биыл өндіріс қуатын арттырып, зауытты кеңейттік. Яғни, алдағы уақытта өнім саны да, жұмысшылар қатары да артады. Онымен қоса биыл өзімізде өндірілген металлдары пайдалана бастадық. Соның арқасында 3 мыңға жуық өнім өндірдік. Келер жылы бұл саны тек артып отырады.

Ал ең басты жаңалық өңірдегі тұрмыстық техника шығаратын компания Оңтүстік Кореялық Samsung корпорациясымен стратегиялық серіктестік орнатып, елімізде алғаш рет теледидар мен автоматты кір жуу машиналарын шығару жобасын іске қосты. Одан бөлек келер жылы Ауыр жүк көліктерін дайындайтын жаңа зауыт іске қосылмақ.

Гулина Сәкенова, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы:

Жалпы қазіргі уақытта 25 жоба іске қосылды. Олардың жалпы соммасы 205 миллиард теңгені құрайды. Жобалар аясында 2 мыңға жуық жұмыс орынын құру жоспарланған. Ең ірі жобалар: Саран қаласындағы ыстық мырыштау зауыты мен тік тігісті құбырлар шығаратын кәсіпорын іске қосылды.

Жыл сайын өңірде өндіріс көлемі өсіп келеді, оның негізгі үлесі өнеркәсіп пен өңдеуші секторға тиесілі. Мысалы, былтыр өндірілген өнім еліміз бойынша жалпы көлемінің 44%-ын құрап, 4 триллион теңгеден асқан. Ал биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс 6,3%-ға, инвестициялар көлемі 4%-ға өсіп, 932 млрд теңгеге жетті.

Бөлісу