Мәдениет саласына 14 жаңа қызметтік автокөлік табысталды
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісу облысының мәдениет саласына 14 жаңа қызметтік автокөлік табысталды. Облыс әкімінің орынбасары мәдениет қызметкерлерін мерекемен құттықтап, сала мамандарының тұрғындардың рухани дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Сондай ақ салтанатты шара аясында Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде «Жетісу – Жер жаннаты» телевизиялық жобасының қорытынды гала-концерті өтті.
Табысталған көліктер шығармашылық жұмыстардың сапасын арттырып, мәдени шаралардың ауқымын кеңейтпек. Енді өнер майталмандарына гастрольдік сапарлар кезінде қажетті құрал-жабдықтар мен сахналық декорацияларды тасымалдау оңайға соғады. Бұл - мәдениет қызметкерлері үшін үлкен қолдау дейді сала мамандары.
Отан Смағұлов, Алакөл аудандық мәдениет үйінің директоры:
Бүгінгі күнде, жаһандану ғасырында барлық дүние тез орындалуы керек. Сондықтан автокөліктер ауылдағы мәдениет қызметкерлері үшін өте қажетті дүние.
Шара Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде өткен мерекелік концертпен жалғасты. Онда «Жетісу – жер жаннаты» облыстық телевизиялық жобасының қорытынды гала-концерті ұйымдастырылды. Аталған байқау 7 аталым бойынша үш ай бойы өтті. Нәтижесінде Көксу ауданының мәдениет мекемесі бас жүлдені жеңіп, 5 миллион теңгенің сертификатына ие болды.
Қуаныш Сүлейменов, Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
Бұл жоба - ауылды елді мекендердегі мәдениетке, мамандардың, өнер саласының қызметерлерінің үлкен сахынаға, эфирге, халыққа танылуына қолдау көрсететін мәдениет деңгейінің көтерілуі.
Соңғы үш жылда өңірде 21 мәдени нысан салынып, тағы 13-і күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер мен заманауи жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде мәдени инфрақұрылымды жаңарту деңгейі 40 пайызға жетіп, саланың бюджеті 83 пайызға артты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы