Сенат 7 заңды бірінші оқылымда қарайды
Бүгін Сенат жеті заңды бірінші оқылымда қарайды. Соның ішінде қоғамда қызу талқыланып жатқан бірнеше норма бар. Дәлірек айтсақ, ЛГБТ насихатына тыйым салу, бет-жүзін жасырғандарды жауапкершілікке тарту, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы заңдар талқыланады. Әріптесім Жанел Нұрболатқызы қазір Парламент қабырғасынан тікелей байланысқа шығып, тарқатып айтады.
Жанел Нұрболатқызы, Тілші
Иә, бүгін Сенат отырысы бірнеше сағатқа созылатын секілді. Жеті заң қаралады десек, соның әрқайсында ұзақ талқыға түскен бірнеше норма бар. Мысалы, «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы құжатқа сәйкес, бет-жүзін жасырған азаматтар жауапкершілікке тартылады. Әуелі ескерту жасалады. Ол еленбесе, 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Электр самокаттарды жалға беретіндерге де жауапкершілік күшейеді. Енді әрқайсының тіркеу нөмірі болуы тиіс. Ал «Заңға қайшы контенттің таралуын шектеу» туралы заң ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейді. Әлеуметтік желіде осындай мазмұнда ақпарат жариялағандарға 80 мың теңге шамасында айыппұл салынуы мүмкін. Оның нақты сомасы мен қандай жаза тағайындалатынын депутаттар әлі талқылайды.
Бұдан бөлек, заңсыз активтерді қайтаруға қатысты норма бар. Бұрын жемқорлық жолымен ұрланған мүлікті қайтару оңайға соқпайтын. Мемлекет мәселені қылмыстық іс арқылы ғана реттей алатын. Енді бәрі бір заңның аясында қаралып, бұл процесс әлдеқайда тез аяқталады. Сондай-ақ активтерді ұрлаған адам әрекетін өз еркімен мойындаса, жаза жеңілдейді.
Осы және өзге де жаңа заң жобалары жайында алдағы шығарылымдарда тарқатамыз. Тың ақпараттарды рет-ретімен баяндаймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы