Басты Жаңалықтар Биыл спортшылар елуге жуық сенсация жасады

Биыл спортшылар елуге жуық сенсация жасады

Биыл қазақ спорты үшін тарихи жыл болды. Әлем чемпионаттары, құрлықтық және халықаралық жарыстарда отандастарымыз 50-ге жуық сенсация жасады. Бірнеше спорт түрінен бұрын-соңды болмаған нәтижелер тіркелді. Бұдан бөлек, биыл жаттықтырушылардың жалақысы 30 пайызға артты. Еліміз бойынша 79 спорт нысаны қолданысқа берілген. Жыл аяқталғанша тағы елуін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Спорттағы елеулі өзгерістер мен жетістіктер жайылы әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Жыл былғары қолғап шеберлері үшін табысты болды. Боксшылар екі Әлем чемпионатына қатысып, 22 медаль жеңіп алды. Назым Қызайбай - ел тарихында үш дүркін Әлем чемпионы атанған тұңыш қазақ қызы атанса, тағы бес боксшымыз екі дүркін Әлем чемионы болды.

Семсерлесуден Ұлттық құрама Грузиядан өткен әлем біріншілігінде тарихи қола медальға қол жеткізді.

Араға 26 жыл салып грек-рим күресінің шебері 60 келідегі Айдос Сұлтанғали Әлем чемпионы болды.

Абиба биыл әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Қазақ қыздары арасында тұңыш рет Әлем чемпионатының финалына шығып, күміс медаль еншіледі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Риядта өткен жылдың қорытынды турнирінде топ жарды. Осыдан кейін ең көп табыс тапқан теннисші ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Ал мәнерлеп сырғанаушы Михайл Шайдоров Әлем чемпионатының күмісін иеленіп, Олимпиадаға жолдама алды.

Харбиндегі Азиадада фристайл-акробатикадан Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов сенсация жасады. Азия рекордын жаңартып қана қоймай, Олимпиада чемпиондарын қапы қалдырды. Ал конькимен жүгіруде 500 метр қашықтықта бақ сынайтын Евгений Кошкин  Әлем кубогы кезеңдерінде бірінеше жүлде еншіліп үлгерді.

Шорт-тректен ерлер құрамасы сарықұрлық бәсекесінде командалық эстафетада елге тарихи алтын жүлдені сыйлады. Әлем, тіпті Олимпида чемпиондарынан айласын асырды. Ал Денис Никиша жаһан біріншілігіне қатысы, екінші рет күміс медальға ие болды.

Араға 10 жыл салып алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Іріктеудегі «Селтикпен» болған шешуші ойында қақпашы Темірлан Анарбеков пенальти сериясында қырағылық танытты. Бұл -  тарихи оқиға. «Қайрат» топтық кезеңдегі екінші кездесуін өз алаңында Испанияның «Реалын» қабылдады. 2,5 миллиард жанкүйері бар корольдік клуб 0:5 есебімен жеңіске жетсе де, қазақстандық футболсүйер қауым үшін естен кетпес ойын болды. Жалпы, Чемпиондар лигасының 6 туры артта қалды. Осы аралықта қақпашы Темірланның жанкештілігі көрерменді тәнті етті. Отандасымыз осы уақытқа дейін төрт матч өткізіп, 27 рет сейв жасаған. Соңғы «Олимпиакоспен» болған ойында үздік ойыншы атанды.

Биыл Спорт және дене шынықтыру туралы заңға өзгерістер енгізілді. Енді легионерлерге республикалық бюджеттен бір тиын да берілмейді. Ал командалық спорт түрлеріндегі клубтарға, қаражат лимиті айлық есептік көрсеткішке байланысты бекітілді. Бұдан бөлек 40-тан астам спорт түріне басымдық беріледі. Пара атлеттер, оның ішінде І топтағы мүгедектігі бар спортшылардың сүйемелдеушілері заңмен қорғалады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша 5 футбол клубы жекенің қолына өтті. Министрлік өкілінің айтуынша, тағы екі клубты жекешелендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.


Бөлісу