Басты Жаңалықтар Президент Жапонияның ірі компанияларының басшыларымен кездесті

Президент Жапонияның ірі компанияларының басшыларымен кездесті

Президент Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті. Мемлекет басшысы Тацуо Ясунагаға Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді. Сондай-ақ Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспарын мақұлдады. Тараптар аса маңызды минералдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу сынды бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Бұдан соң Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огавамен жүздесті. Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады. Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді. Кездесуде маман даярлау мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы, Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакимен де кездесті. Қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапон компаниясымен ынтымақтастығын кеңейту перспективасы қаралды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.


Бөлісу