Ветеринария саласына цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр
Елімізде мал саны ең көп тіркелген Түркістан облысында ветеринария саласына цифрландыру жүйесі енгізілуде. Ірі қаралар мен жылқыға арнайы чиптер салынып, арнайы базаға тіркеуге алынып жатыр. Бұл жаңашылдықтар ветеринар мамандарды қағазбастылықтан арылтып, екпе салу, емдеу ісінде жұмысын жеңілдетпек. Сондай-ақ қолды болған малдардың иесін табуға да өз септігін тигізеді.
Шаға ауылында бүгін алғаш рет ірі қараларға чиптер салына бастады. Осы құрылғы арқылы малдар электронды тіркеуге алынып, бақылауда болады. Қашан екпе салғаны, ауырғаны, қалай емделгеніне дейін арнайы базадан көре аласыз. Сондай-ақ мал иесі жайлы мағлұмат та толтырылады. Егер ұрланған мал болса, осы чиптер арқылы иесін табуға болады, дейді мамандар.
Нұрсұлтан Шараш, ветеринар дәрігер:
Сырғалар көбінесе түсіп қалады. Ұрлық болатын болса, кесіп алып тастайды. Сол үшін чип терінің астында тұрады. Ешкім алып тастай алмайды. Екпе салынғаны барлығы база арқылы көрініп тұрады. Кімнің малы екенін сол чип арқылы тексеріп, біліп кете аламыз.
Ветеринария саласындағы жаңашылдық мұнымен шектелмейді. Бүгін ауылдағы жылқылардың мойнына арнайы жарықтандырғыш белгісі тағылды. Себебі соңғы кезде өңірде малдың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиілеген. Жыл басынан 25 жол апаты тіркеліп, 3 адам қаза тапқан.
Сонымен қатар цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін жұмыс барысында қолдану жағы да жолға қойылған. Мәселен, ветеринар маманның жұмысын мал иесі қызметтік киіміндегі QR код арқылы бағалай алады. Оған қоса жеке ақпараты мен байланыс нөмерін де бір жерден алуға мүмкіндік бар. Бұл мал дәрігерлерінің жұмыс сапасын бақылауға мүмкіндік бермек. Оған қоса арнайы сайт жасалып, онда мал шаруашылығына қатысты толық мағлұмат пен кеңес алуға болады.
Мұрат Меңлібаев, Түркістан облыстық Ветеринария басқармасының маманы:
ChatGPT сол деңгейде ветеринария саласы бойынша кез келген сұрақтарға жауап бере алады. Халыққа қолжетімді. Одан бөлек 109 байланыс орталығы арқылы ветеринар маманға хабарлама қалдыра алады.
Бұл жаңашылдықтарды әзірге Түркістан облысының ветеринарлары жүзеге асыруда. Сала басшылығы қазір Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жобаларды жеткізіп, республика көлемінде тәжірибе енгізуге ұсынып жатқанын айтады.
Ербұлан Жәнібеков, Түркістан облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне үш кезең ұсынып отырмыз. Бірінші кезекте - несие алатын шаруаларды, мал иелерін чиптеуге міндеттеу. Екіншіден, субсидия алатындарды, яғни бұрынғы малын көрсете салады немесе көршісінің малын көрсететін көптеген факті бар. Ал енді чиптеген жағдайда оны алу мүмкіндігі болмайды.
Ветеринарлардың жұмысы ауқымды. Олар жануарларды емдеп қана
қоймай, түрлі індетпен күреседі. Ол аздай қаңғыбас ит пен мысықты аулаумен
айналысады. Ал жаңашылдық мамандарды қағазбастылықтан арылтады. Малдарды
чиптендіру қазір Сауран ауданында жүргізілуде. Өзге аудан-қалаларды мамандар
кезең-кезеңімен қамтимыз, деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы