Басты Жаңалықтар Бес бала мен анасы газдан уланған үйде қауіпсіздік талаптары сақталмаған

Бес бала мен анасы газдан уланған үйде қауіпсіздік талаптары сақталмаған

Оралда 5 бала мен олардың анасы газдан уланған тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Қазір 6 адам ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бәрінің жағдайы қалыпты.

Оқыс оқиғаны ең алдымен мұғалімдер анықтаған. Қалалық №10 мектепте 5-6 сынып және даярлық сыныбында оқитын балалар сабаққа келмей қалады. Жағдайын білмекке мектептен үш мұғалім шығып, балалардың үйіне барады. Бірден анасының бүк түсіп, ауырып жатқанын көреді. Дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетеді. Жағдайды мұғалімдер барып-көрмегенде балалардың иіс тиіп, есінен танып қалуы әбден мүмкін еді.

Толқын Мутигуллина, А.Байтұрсынов атындағы №10 мектеп директоры:

Баланың ауырып жатқанын анықтап және анасының ауырып, тұра алмай жатқанын байқайды. Иісті де сезеді. Сосын бірінші кезекте жедел жәрдемді шақырады. Жедел жәрдем келгеннен кейін бірге күтіп, мамандарды шақырады. Сол кезде газдың иісі шығып тұрғаны анықталады. Бірақ бұл жерде зардап шеккен тек қана анасы болып тұр. Ал бес баласының жағдайы қалыпты.

Көпбалалы отбасы жалдамалы жер үйде тұрады. Әкелері қайтқан. Анасы жұмыссыз. Оқу жылының басында мектептен көмек көрсетілген. Ал жалдамалы жер үйде газбен жабдықтау талаптарының бұзылғаны анықталды. Үй иесіне заң аясында тиісті шара қолданылады.

Меруерт Жұмақанова, қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Тұрғын үй иесі тиісті аттестацияланған ұйыммен газбен жабдықтауды техникалық көрсетуге келісімшарт жасамаған. Сондықтан да тиісті ережелер сақталмағанның кесірінен осындай жағдай болған.


Бөлісу