Басты Жаңалықтар «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы: Жаңа клуб пайдалануға берілді

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы: Жаңа клуб пайдалануға берілді

Қызылорда облысы, Қазалы ауданында «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында елді мекендер өркендеп келеді. Соның бірі, мәдениет үйі жоқ Майдакөл ауылында жаңадан 100 орындық клуб ел игілігіне беріліп, тұрғындардың көптен күткен талап-тілегі орындалды. 

Ауылдық жерде ашылған жаңа мәдени нысан жастардың шабытын оятып, өнерге деген қызығушылығын арттыра түсті. Бүгінде клубта бірнеше үйірме жұмыс істейді. Ең бастысы жергілікті өнерпаздар енді аудан орталығына бармай-ақ, 100 орындық концерт залында түрлі кештер өткізуге мүмкіндігі бар.

Сәмет Сахи, жас ақын:

Мен негізі жазба ақынмын. Алдағы уақытта осы домбыра үйреніп айтыскер ақын боламын деген мақсатым бар. Шығармашылығымды шыңдап алға қарай қадам басып жатырмын.

Ал Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені бой көтеруде. Қазіргі таңда құрылыстың 80 пайызы аяқталып, ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Елді мекенде осы кезге дейін арнайы спорт ғимараты болмаған. Сондықтан, ауыл балалары ашылуын тағатсыздана күтіп жүр.

Рамазан Дарханұлы, оқушы:

Біздің ауылда жаңа спорт кешен салынып жатыр. Оның ішінде көптеген спорттар бар. Соның ішінде күресіне қатысамын. Менің арманым күрестен чемпион болғым келеді. Қазақты көтергім келеді.

Жалпы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауданға 3 миллиард 446 млн теңге қаржы қаралған. Елді мекендерде 15 жоба жүзеге асуда. Соның ішінде, Әйтеке би мен Қожабақы ауылдарында типтік үлгідегі жаңа спорт кешендер салынып жатыр.

Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында электр энергиясына қатысты екі жоба, жолға қатысты 7 жоба, денсаулыққа қатысты 2 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады.

Президент бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарлама осылайша ауыл-аймақтың дамуына серпін беріп, өзекті мәселелер шешімін тауып келеді.

Бөлісу