Асанәлі Әшімов – қазақ киносының аңызы
Атақты актер Асанәлі Әшімов өмірден өтті. Ол қазақ киноөнерін әлемдік
деңгейге көтерген мықты актерлардың бірі. «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан, «Атаманның ақырында» Шадияров,
«Сарқырама» фильмінде Мәмбет, «Трансібір экспресінде» Қасымханов сынды жарқын
рөлдері алтын қорда сақталады.
Бүгін қазақ халқы Бекежанға емес, Бекежан бейнесімен ел есінде мәңгі қалған Асанәлісіне жоқтау айтты.Ол қазақ киносының тірі аңызы еді. Оның нағыз актер екеніне осы Бекежан образы ғана дәлел. Өйткені, оны әлі күнге дейін көп адам Бекежан деп таниды.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі:
Бекежанмен образға кірдім деп ойлаймын. Тіпті, киноға түспей тұрған үзіліс уақытында да сол образда жүрдім.
Ол тек Бекежан рөліне емес, өзі ойнаған барлық образға көрерменін сендіре білді. Жалпы 30-дан астам фильмге түсіп, театр сахнасында 50-ден аса қойылымдаойнап, солардың әрқайсысында әр түрлі рөлдерді сомдады. Ал, «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» секілді фильмдердегі рөлдері ұлттық киноның алтын қорына енді.
Ол шынында өзін дүниеге таныта білді. Өзін ғана емес халқы мен ұлтын танытты. Өйткені, ол сомдаған кейіпкерлер жай ғана образдар емес қазақтың тағдыры, ішкі драмасы, тарихы мен қайсарлығының көрінісі болды.
«Шоқан Уәлиханов»көркем фильмі Әшімовтың режиссер ретіндегі өз туындысы. Ал басты рөлде, яғни, «Шоқанды» өзінің ұлы Сағи сомдады. Өмірдегі әке мен баланың тандемі фильмде де сәтті шықты. Одан бөлек, ол 10-ға жуық фильмнің режиссеры мен сценарисі болды. Яғни, қазақ киносына тек бейнесімен емес, ойымен, көзқарасымен де үлес қосты.
Есмұхан Обаев, режиссер, Қазақ КСР Халық артисі:
Асанәлінің шығармашылығында мұның рөлі мен қатар қалжыңы бірге жүреді. Қалжыңмен бірге жомарттығы бірге жүреді. Онымен қатар адамға деген қарым-қатынасы, әлем тануы, өзін-өзі тануы да бөлек.
Асанәлі Әшімовті халық тек өнер адамы ретінде емес, рухани ұстаз ретінде де жақсы көреді. Өйткені, ол театр педагогы әрі режиссер ретінде актерлардың жаңа буынын тәрбиеледі, театр мен кино өнерін дамытты.
Есмұхан Обаев, режиссер, Қазақ КСР Халық артисі:
Мұның тағдырында талай келеңсіз оқиғалар да болды. Келеңсіз деген мысалы бір үйде бір жылдың ішінде 3 адамынан айырылып қалған кезі еді. Екі ұлынан айырылды. Тірі болса олар да 60-қа келер еді. Шешесінен айырылған. Осының бәріне мұңайып кетпей, жасып кетпей, бүкірейіп кетпей, өнер арқылы өзін сүйікті профессиясы арқылы жеңген адам.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі:
Намысты болу керек. Намысты болған адам бір жерден тесіп шығады. Өйткені, намысы бар. Ол қор болмайды. Екінің бірі болып қалмайды. Намыс дегеннің өзі талант. Намыс ұйықтатпайды.
Осы намыстың арқасында ол өмірдегі қиындықтарын ешкімге көрсетпеді. Осы уақытқа дейін берген сұхбаттарында да ондай сынақтары туралы көп айтпаған. Қайта адамға ерік-жігер беретін жақсы сөздерді көп айтқан. Ал осыдан үш күн бұрын ғана Ұлттық арнаның 1001 түн бағдарламасында ашылып сұхбат беріп, көрерменімен соңғы рет сырласты.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі:
Өміріме өкпем жоқ. Қаншама қиындықтар болды. Енді адамның басына келетін дүние болды ғой. Сондықтан «Жан бөлек» деген кітап жаздым. «Шығарға жан бөлек» дейді қазақ. Олармен бірге кете алмайды екенсің. Жаның бөлек, сондықтан тірі адам тіршілігін жасайды.
Бұл оның елімен, халқымен қоштасуы болғанын сол сәтті ешкім білген жоқ. Ал бүгін тұтас қазақ халқы қара жамылды. Тағы бір тау тұлғасынан айырылған халқына жұбату сөзін 3 жыл бұрын «Бірегей» хабарына берген сұхбатында өзі айтып кеткен секілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы