Қызылорда облысында электр желілері мен станциялар жаңарып келеді
Қызылорда облысында 10 мың шақырымнан аса электр желісі бар. Аймақта әр үй мен нысанды жарықпен қамтитын 1400-ден аса маман күн-түн демей қызмет етіп келеді. Жоғары кернеулі тоқпен жұмыс істейтін электр мамандарының қатерге толы жұмысын әріптесім Әділбек Серікұлы көріп келді.
Данабек Әліпов 6 санатты электромонтер. Осы салада 20 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан мамандығына адал жанның бірі. Бүгінде авариялық қызмет көрсету бөлімінің майталман маманы. Әп-сәтте электр бағанасының төбесіне шығады. Биікте тұрып жоғары кернеулі электр сымдарын жалғап, орын алған ақауды жөндейді. Бұл оның күнделікті жұмысы.
Данабек Әліпов, Жоғары санатты электромонтер:
Авариялық шақыртуларға жұмыс істейміз. Жоғары кернеулі сымдарды жалғаймыз. Өте қауіпті. Қателікті кешірмейді. Қауіпсіздікті сақтау керек.
Жалпы соңғы жылдары облыста электр энергиясы саласына 19 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оған 500 шақырым желі мен 200-ге жуық қосалқы электр станциясы жаңартылды. Аймақ жұртшылығын жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда электр тораптарын тарату» мекемесі де цифрлық жүйеге бет-бұрып, жұмысын оңтайландырған.
Нүркен Мырзақұлов, Орталық диспетчерлік басқарма басшысының орынбасары:
Бұрын халықтан жарық өшті деген шағым түсетін. Содан кейін барып әрекет ететін едік. Оның өзі сол аралықта қаншама уақыт алатын. Қазіргі талаптар заманға сай өзгеріп отыр. Қазір цифрландыру заманы. Дистанционды басқару деген бар. Соның бәрі персоналды компьютерлерге енгізілген.
Мемлекет басшысының тарифті
инвестицияға айырбастау қағидасымен өңірде 7,5 миллиард теңгеге ауқымды жобалар
жүзеге асырылуда. Соның аясында электр желілері мен электр станцияларының тозу
деңгейі 63 пайыздан едәуір төмендемек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы