Шымкентте жаңа екі өндіріс орны жұмысын бастады
Жыл соңында Шымкенттің өндірістік әлеуеті артты. Қалада полипропилен бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылып, құрылыс, медицина және ауыл шаруашылығы салаларының сұранысын өтемек. Ал металл есіктер өндірісі жүзден астам адамды жұмыспен қамтиды.
Арнайы экономикалық аймақта іске қосылған жоба ауыл шаруашылығы, құрылыс және медицина саласын спанбонд өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіпорын жылына 4,8 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Мамандардың айтуынша, тауарға ішкі нарықпен қатар көрші елдерде де сұраныс бар. Жаңа өндіріс импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Қанат Сейітқұл, «Тоқыма емес материалдар» фабрикасының бас инженері:
Бұл мекеме еліміз бойынша бірінші рет ашылып жатыр. Бұған дейін дайын өнімнің бәрін көрші Ресей мемлекетінен және Қытай мемлекетінен әкелінетін. Бұл заттарға сұраныс өте жоғары. Сол себепті импорт тауардың орнын басып жатырмыз. Ел нарығында жобамен 60%, шетелге 40% шығарып жатырмыз.
Сондай-ақ қалада металл есіктер шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Өндіріс толық қуатына шыққанда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жаңа кәсіпорын құрылыс индустриясын дамытып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етеді.
Ермек Тұрманов, қалалық Кәсіпкерлік және ИИДБ басшысының орынбасары:
Бірінші зауыт 4,9 млрд теңге, металл есіктері зауытына 3,7 млрд теңге тартылды. Бұл екі компания да мемлекеттен, банктерден несие алған жоқ. Өз қаражаты есебінен салынған. Жалпы біздегі өндіріс көлеміндегі үлесін арттырады.
Әнуар Тойшыбаев, Темір есіктер зауытының менеджері:
Жұмысшылардың толық қол еңбегін жеңілдетіп, барлығын өзі жасап береді. Тек қана команда берілсе болды. Бұдан шыққан металды біз есікке қолданамыз. Бұрын бұл заттарды жасауға 20-30 минут уақыт алған болса, қазір 2-3 минутта шығарып береді.
Өңірде кәсіпкерлік белсенділігі артып, субъектілер саны 141 мыңнан асты. Шағын және орта бизнестің үлесі экономикада 60%-ға жетті. Мамандар бұл оң өзгерісті қолайлы инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдаумен байланыстырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы