Оралда әскери-патриоттық форум 115 Бауыржанның басын қосты
Оралда Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған әскери-патриоттық форум өтті.
«Батыр Бауыржан: Болмыс пен биіктік» атты ауқымды шарада әйгілі қолбасшының ерлігі ұлықталып, рухани мұрасы насихатталды. «AMANAT» партиясы ұйымдастырған форум аймақта еңбегімен еленген Бауыржан есімді 115 азаматтың басын қосты. Биыл жетістікке жеткен олардың бірқатары марапатталды. «Батырдың есімін лайықты алып жүру - үлкен жауапкершілік әрі азаматтық борышымыз», - дейді олар.
Бауыржан Ғұбайдуллин, Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы:
Менің есімімді әкем қойған. Әкемнің де, анамның да екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қатардағы сарбаздар, атақ-даңқы шыққан сардарлар - ең сүйікті әдеби кейіпкерлері болды. Әкем марқұм Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын» сүйсініп оқитын.
Өңірде Бауыржан Момышұлы атындағы екі мектеп, 19 көше бар. Форумда мектеп оқушылары «Бабалар жолы - ұрпаққа аманат»,- деп елге адал қызмет етуге, тәртіпті, намысты болуға, Отанын сүюге ант етті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы шараға әскерилер, спортшылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастар атсалысты.
Бауыржан Жеңісов, оқушы:
Бауыржан деген атымды атам қойған. Сол Бауыржан атасындай болсын деп. Жетістіктерім көбіне суреттен және екі тілді үйреніп жатырмын: француз, неміс тілдерін. Олимпиадалардан да марапаттарым бар.
Мұрат Мұқаев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы:
Шараның ең басты мақсаты - батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының ерлігін, отансүйгіштік қасиетін, тек жауынгер-батыр ретінде ғана емес, жазушы-ағартушы ретінде атқарған еңбегін насихаттау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы