Түркістанда лимон өсірушілер қатары көбейген
Түркістан облысында шаруалар тропикалық белдеуде өсетін лимонды жылыжайларға жерсіндіріп жатыр. Бүгінде аймақта лимон егілген жылыжайлар аумағы 15 гектарға жеткен. Отандық өнімге деген сұраныс та көбейген. Дайын өнім Алматы мен Астана, Тараз бен Шымкент қалаларындағы базарларда саудаланып жатыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Сарыағаш ауданындағы Жабайы ата шаруа қожалығы үш жыл бұрын 7 гектар жылыжайға лимон еккен. Өзбекстаннан суыққа төзімді келетін түрінен 5 мың түп көшетті отырғызған. Қазір әр гектарда 800 түп жеміс ағашы жайқалып, өсіп тұр. Биыл алғашқы өнімін беруде. Бағбан жыл соңына дейін 200 тонна лимон жинауды жоспарлап отыр.
Бекзат Исмайлов, бағбан:
3 жыл дегенде өнім береді. 5 жылда жақсы өнімге кіреді. Биыл гектарына 30-40 тоннадан. Алынған өнімдер Қазақстанның аумағында сатылып жатыр. Алматы, басқа да қалаларда сатылуда. Бағасы 1400-1500 теңге аралығында.
Ал Бағыс ауылында тұратын Манатәлі Таңсықбаев 1 гектар жылыжайдан 60 тонна лимон жинауды көздеп отыр. Бағбан тропикалық жемістің «Мейір» деп аталатын өнімін жерсіндірген. Бұл грузиялық және қытайлық лимон сортының будандасқан түрі. Қабығы жұқа. Әрі өнімі мол. Бір ағаш 50 жылдай өмір сүреді, орташа есеппен 235 келі өнім береді. Еңбекқор отбасы қазір өнім жинау үстінде.
Манатәлі Таңсықбаев, бағбан:
Көкөністерге қарағанда қызанаққа, қиярға жылу +18 градус керек. Бізге лимонға +2 градус жетеді. Көмірден ұтып жатырмыз, тыңайтқыштан ұтып жатырмыз. Жұмысшы аз кетеді. Тек терім кезінде жұмысшы аламыз, басқа уақытта отбасымызбен жұмыс істейміз.
Өңірде жылдан жылға лимон өсірушілердің саны артып келеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында 20 гектарға жуық лимон өсірілген жылыжай бар. Әсіресе цитрустық жемісті Сарыағаш, Келес және Сайрам аудандарының шаруалары жақсы жерсіндіріп, күтіп баптауда. Мамандар биылғы өнімділік көңіл қуантатынын айтады.
Дәулетияр Алшынбай, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы:
Орта есеппен 1 гектардан 80 тоннаға дейін лимон жинап отырмыз. Жалпы айтқанда жыл соңына дейін 1200 тонна өнім алу жоспарымызда бар. Бұл өңіріміз үшін өте жоғары көрсеткіш. Шаруалар өз өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар шет елдерге де экспорттай бастады.
Сала мамандары лимон өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау барын айтады. Яғни жылыжай құрылысын жүргізуге кеткен шығынның 30%, ал минералды тыңайтыштың 50%-ын Үкімет субсидиялап береді. Әрі лимон өсіру - облыстың ауыл шаруашылығы құрылымын әртараптандырып, жаңа нарықты игеруге және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға да сеп болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы