Өңірлердегі шағын бизнесті қолдауға ₸400 млрд бөлінеді
400 млрд теңге. Өңірлердегі шағын бизнесті қолдауға жыл сайын осынша қаражат бөлінбек. Ауыл-аймақтың кәсібін дөңгелетуді мақсат еткен жаңа бағдарламаның жоспары осындай. Бұдан бөлек, қарызы бар шағын кәсіп иелерінің шоттары бірден бұғатталмайды. Салықтан айтарлықтай жеңілдіктер жасалмақ. Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібінде микро және шағын бизнесті қолдау бағыты қаралды. Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.
Ауыл мен шағын қалаларда кәсіп бастаймын дегендерге 200 млн теңгеге дейін несие беріледі. Енді өңірлердегі шағын бизнесті қолдауға жыл сайын 400 млрд теңге бөлінбек.
Бағдарлама «Іскер аймақ» деп аталады. Несие екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Бір жобаға 200 млн теңгеге дейін қаржы алуға болады. Мөлшерлемесі 8,8%. Ал оның 40%-ы мемлекеттен субсидияланады. Несие мерзімі 3 жыл. «Даму» қоры 85%-ға дейін кепілдік береді. Яғни кепілге қоятын зат жоқ болса немесе жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» қоры кепілдік жағынан қолдау көрсетеді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған.
6,5 млн теңгеге дейінгі салық берешегін бөліп төлеуге болады
Енді 6,5 миллион теңгеге дейінгі салық берешегін бөліп төлеуге болады. Ол үшін кепілге қандай да бір зат қою қажет емес. Осылайша салық органдары енді қатаң бақылаушы емес, салық төлеушінің қолдаушысы болады.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
Салық қызметіне байланысты жеделдету, әрі түсінікті ету үшін ақпараттық жүйелерде ЖИ қолдана отырып, жеке цифрлық көмекшілер болатынын атап өту керек.
Қарызы бар шағын кәсіп иелерінің шоттары бірден бұғатталмайды
Шағын кәсіпкерлердің шоттары аз қарыз үшін бірден бұғатталмайды. Қазақстанда салық берешегін өндіріп алу тәртібі өзгереді. Яғни бұған дейінгі заңға сәйкес, салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден асса, шоттары бұғатталып, қарыз мәжбүрлі түрде өндірілетін.
Енді 87 мың теңгеге дейін тек хабарлама жіберіледі. Тек өсімпұл есептеледі, басқа шара қолданылмайды. 20-дан 45 АЕК-ке дейін хабарлама жіберіледі. Өтелмеген жағдайда борыш сомасы көлемінде шығыс операциялары тоқтатылады. Ал 195 мың теңгеден немесе 45 АЕК-тен асқан жағдайда қатаң шаралар қолданылады. Мүліктер тізімге алынып, сатылуы мүмкін, өндіріп алу дебиторлар есебінен жүреді.
Салық жөнінде есеп беру 30 пайызға азаяды
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Айыппұл салуға емес, алдын алуға баса назар аудару. Ықтимал заң бұзушылықтар орын алған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енігізледі. Есептілік пен бюрократияның азаюы. Салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық.
Самал Қабышева, тілші:
Үкімет шағын және орта бизнеске жаңа қолдау көрсетпек. Кәсіпкерлер өндірісін, ескі жабдығын жаңарту үшін лизингке қаржы ала алады. Ең бастысы микро және шағын бизнеске 300 миллион теңгеге дейінгі қаражат кепілсіз беріледі. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бағдарламаны 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы