Басты Жаңалықтар Алматыда Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті

Алматыда Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті

Бүгін Алматыда қазақ елі өнер алыбы, абыз ақсақал, талантты актер әрі режиссер Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, бұл қаза барша ел үшін ортақ қайғы екенін атап өтті. Сахна саңлағымен қоштасуға актердың туған-туыстары, жақындары, әріптестері, сондай-ақ өнерін бағалаған мыңдаған адам жиналды.

Саналы ғұмырын сахна мен экранға арнаған Асанәлі Әшімов бүгін тағы да театр төрінде. Бірақ бұл жолы шымылдық ашылмады. Жұрт оның өнерін тамашалау үшін емес, қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуіріне айналған алып тұлғаны ақтық сапарға шығарып салу үшін жиналды.

Болат Әбділманов, актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Шын мәнінде Асекең бақытты ғұмыр кешті. Халқын қаншалықты сүйді соншалықты халқына адал қызмет етті. Халқы да Асекеңді аялады. Алақанына салды. Төбесіне көтерді.

Асанәлі Әшімовтің тұлғасы ұлттық шеңберден әлдеқашан асып кеткен. Оның шығармашылығы - бірнеше буынға ортақ. Ол сомдаған бейнелер мен сахнада қалдырған ізі тек қазақ өнерінің емес, тұтас түркі әлемінің мәдени қазынасына айналды.

Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:

Бүгін 300 млн түріктің қабырғасы, қанаты сынып отырған кез. Асанәлі аға бұл тек қана ұлы талант емес, Асанәлі аға біздің доорумыздын, тарихымыздың символы.

Иә өнер иесінің халық жүрегінен орын алуы - сирек бақыт. Асанәлі Әшімов ақтық демі үзілгенше сахнадан түспеді. Ол актер ғана емес, талантты ізбасарларына ұстаз болды. Мыңдаған шәкіртке бағыт-бағдар беріп, сахнаның ғана емес, өмірдің әдебін үйретті.

Меруерт Өтекешова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

Ол кезде атақты актер болған. Қаншама киноға түсті. Театрда қанша рөл ойнады. Ал мен енді, енді мектептен кейін бастаған мен үшін ол үлкен ұстаз.

Рас Асанәлі Әшімов сөзбен емес, болмысымен сөйлеген тұлға еді. Ол сахнада да, экранда да қазақтың мінезін, рухын ер азаматқа тән асқақ болмысымен көрерменге көрсете білді.

Қымбат Әбілдақызы, ҚР Мәдениет қайраткері:

Қазақ қандай, қазақтың ер азаматы қандай, тұлғасы қандай дегенге Асанәлі ағаның бүкіл болмысы сөйлемей-ақ қасы, қабағы, басынан аяғына дейін жауап беріп тұратын. Міне, қазақ дегізіп.

Оның кейіпкерлерінің көбі сахнада көз жұматын. Бірақ, бүгін ол ешкімді сомдап жатқан жоқ. Сахнаға жан бітіретін құбылыс, талант иесі алғаш және соңғы рет сахнада үнсіз. Енді тек мәңгілік құрмет пен қошеметтің кезегі...


Бөлісу