Басты Жаңалықтар Биыл науқастарға 870 мың ота жасалды

Биыл науқастарға 870 мың ота жасалды

Елімізде ана мен бала өлімі азайды. «Аңсаған сәби» арқылы бала сүйген отбасылар көбейді. Денсаулық сақтау министрлігі мұны медициналық қызмет сапасының жақсаруымен байланыстырады. Сонымен бірге, салада кадр тапшылығы мәселесі де біртіндеп азайып келеді. Асылбек Данияр толықтырады.
Биыл дәрігерлер оннан астам бірегей ота жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Операциялар МӘМС есебінен тегін жасалды. Ағза трансплантациясы да көбейген. 18 мәйіттік донор тіркеліп, 68 ота жасалды. Бұл өткен жылдан екі жарым есе артық. Донор болуға осы жылы 12 мың адам келісім берді. Ал, төрт жарым мың науқас ағза кезегін күтіп жүр.
Келер жылдан бастап, жалпы диагностика, гемодиализ, бүйрек трансплантациясы және бірқатар операция МӘМС-ке тіркелген азаматтар үшін ақысыз әрі қолжетімді болады. Онкоскринингтік зерттеулер де тегін. Сонымен бірге, сақтандырылғандар саны 1 миллионға көбейеді. Жұмыссыз және табысы аз азаматтар үшін жарна жергілікті бюджет есебінен төленбек.
Ана мен бала өлімі азайды
Ана мен бала денсаулығында да оң өзгеріс бар. Соңғы 20 жылда ана өлімі 76 пайызға, бала өлімі былтырмен салыстырғанда 19 пайызға төмендеген. Ал, «Аңсаған сәби» бағдарламасы нәресте күткен 13 мың отбасын қуантты.
Шакизада Халықова, ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:
Бес жылдың ішінде 32 мың әйелге қолжетімді болды, яғни МӘМС жүйесі тарапынан арнайы квоталар бөлініп, 32 мың әйел осы медициналық көмекке жүгінді. Бүгінгі таңда 13 мыңға жуық бала д.ниене келді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Мұндай нәтиже Еуропаның озық мемлекеттерінде, ең озық клиникаларының күшімен тең болып отыр.
8,5 мың маман жетіспейді
Елімізде кадр тапшылығы әлі өзекті. Республика бойынша 275 мыңнан аса медицина қызметкері бар. Оның 80 мыңы дәрігер, қалғаны орта буын қызметкер. Салада 8 жарым мыңдай маман жетіспейді.
Дегенмен, бірінші вице-министрдің айтуынша, тапшылық айтарлықтай төмендеген. Мамандарды қолдауға арналған әлеуметтік шаралар да күшейтілген. Мәселен, биыл 600-дей медицина қызметкері баспаналы болды.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
Осы жылдың өзінде шамамен 1400-дей түлек жергілікті атқарушы органдар болсын, республикалық бюджеттен болсын үстемақы алған болатын. Биылдың өзінде 298 жас маман ауылдық жерлерге барған әрқайсы 8,5 миллион теңгедей үстемақы алған болатын.
Кадр сапасын арттыру үшін биылдан бастап 14 мамандық бойынша интернатура бағдарламасы жаңартылды. Енді ересек және балалар дәрігері бөлек даярланады. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерін қорғауға арналған заң жобасын мәжіліс мақұлдап, сенаттың қарауына жолдады.

Бөлісу