Шымкентте 12 жасар бала 7 жылда 650 кітап оқыған
Шымкентте 12 жасар Әлтайыр Ерназаров жеті жылда 650 кітап оқып үлгерген. Ол бес жасынан бастап кітапқа қызығып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі шығармаларды еркін оқиды. Әлтайыр үшін кітап оқу жаңа әлемге саяхат жасау.
5 жасынан бастап кітапқа зейіні ашылған Әлтайыр 7 жылдың
ішінде 650-ден астам кітап оқып үлгерген. Ол ағылшын тілін еркін меңгеріп,
халықаралық тіл конкурстарына қатысып, жүлдегер атанған. Сонымен қатар,
француз, неміс және түрік тілдерін үйреніп жүр.
Әлтайыр Ерназаров, оқушы:
Кейбір кезде осы кітаптар сені басқа әлемге апаратынын өте қатты жақсы көремін. Ойын ойнағанды жақсы көресің ғой оны екі үш жыл ойнай аласың. Ал мен кітап оқығанды жақсы көрем. Осы жеті жылда 650 кітап оқыдым. Ең қатты ұнағаны «Дневник слабака».
Кітапқа қызығушылығы Әлтайырда Майнкрафт кітабынан
басталды. Әр беттегі шытырман оқиғалар оны баурап, өзін ойын ішіндегі
кейіпкердей сезінді. Сол тәжірибе оқуға деген құштарлығын оятып, кітап әлемін
зерттеуге итермеледі. Қазір әр жаңа шығарма оған бұрын көрмеген оқиғалар мен
таңғажайып сәттер сыйлайтынын айтады.
Әлтайыр Ерназаров, оқушы:
Майнкрафт кітабынан басталды. Стив деген бала жайлы. Түнде майнкрафт ойнап тура осы ойынның ішіне кіріп кетті. Осы кезде мен не істеймін, және осы ойынның ішінде не болып жатқанын өте қатты жақсы көремін және кітап өте күлкілі.
Әлтайыр көбіне электронды кітаптарды оқиды. Қазір оның
500-ге жуық жинағы бар. Ол кітапханадан да жаңа шығармаларды алып, бірнеше
күнде оқып шығады. Кітапханашының айтуынша, Әлтайыр алған кітаптарын уақытынан
бұрын қайтарып, оларды талқылап, пікір алмасады.
Айгерім Өтегенова, педагог-кітапханашы:
Бос уақытында біздің кітапханадан шықпайды. Ең үздік оқырмандарымның бірі деп білемін. Ауыр темадағы кітаптарды да алып оқитынын байқадым. Көбіне қандай жанрдағы кітаптарды ұнататынын біліп отырамын.
Сыныптастарының айтуынша, үзіліс кезінде Әлтайыр кітаптың
30 парағын оқып үлгереді. Жылдам оқып қана қоймай, түрлі жанрларды жеңіл
меңгереді.
Спандияр Сапарғали, оқушы:
Әлтайыр өте жылдам оқиды. Мысалы, 15 минуттық үзілісте ол кітаптың 30 парағын оқып үлгереді, ал мен тек 12 парақ қана оқи аламын. Ол кез келген жанрды жеңіл меңгереді. Ал маған тек фантастика мен ғылыми әдебиеттер қатты ұнайды.
Ал психолог мамандар көп кітап оқуды құптайды, бірақ бала
тек бір жанрға беріліп кетпеуі керек дейді. Мысалы, тек фантазия немесе қиял
жанры әлеуметтік дамуға әсер етуі мүмкін. Сондықтан әртүрлі жанрдағы әдебиетпен
танысу баланың ой өрісін кеңейтеді.
Салтанат Асанова, психолог, философия ғылымдарының
докторы, PhD:
Эскапизм деген сөз бар, бала е бір жанрға ғана бірігіп кетеді мысалы тек фэнэзиға ғана, болмаса бір қиялымен бірігіп кетуі мүмкін. Осы кезде баланың әлеуметтенуі мен баланың әртүрлі жанрда оқығанына қатты мән беру керек.
Әлтайыр 650 кітаппен шектелмейтінін айтады. Оның оқу
әдеті күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған, түнде кемінде бір сағат
оқиды, сапарға шыққанда әрдайым кітабын бірге алып жүреді. Ал бөлмесі шағын
жеке кітапханаға ұқсайды. Спортқа да көңіл бөліп, фехтование мен жүзуге
қатысады, бұл оның жүйелі еңбегі мен жан-жақты дамуын айқын көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы