Басты Жаңалықтар Сенат депутаттары «Құрылыс Кодексін» қарайды

Сенат депутаттары «Құрылыс Кодексін» қарайды

Сенат депутаттары Құрылыс кодексін қарауға кірісті. Енді жаңадан салынған үйлердің кепілдігі 2 жылдан 10 жылға ұзаруы мүмкін. Сондай-ақ, жоғарғы палата бүгін Банктерге қатысты заңды да жұмысқа алды.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Мәжіліс депутаттары Құрылыс кодексіне 2 мыңнан астам түзету енгізді. Бүгін Сенат құжатты бірінші оқылымда қарайды. Енді жаңадан салынған үйлердің кепілдік мерзімі ұзарады. «Қолданыстағы заңға сәйкес, құрылыс компаниясы өзі салған баспанаға 2 жыл ғана жауапты. Әрі қарай жөндеу жұмыстарына мемлекет өзі не тұрғындар төлейді. Елде сапасыз құрылыстың көбейгені содан», - дейді депутаттар. Сондықтан, енді кепілдік мерзімі кемі 5 жыл, кей жағдайда 10 жыл деп бекітіледі. Сондай-ақ, бақылау күшейеді. Бұрын нысандардың көбін жеке компаниялар тексеріп алса, енді тең жартысын дерлік мемлекет өзі қадағалайды.

Сенатта банктерге қатысты заң қаралады

Қаржы секторында да біраз өзгеріс болады. Жаңа заң банктердің жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Екі лицензия енгізу. Ислам банкингін кеңейту, банктен несие алатын азаматтардың жеке деректерін қорғау және тағы бірқатар жаңашылдық осы құжаттың аясында қаралмақ. Құрылыс және қаржы секторына қатысты заңдардан бөлек, бүгін Цифрлық кодекс те қаралмақ.

Цифрлық кодекс талқыланады

Бұл норманың да мақсаты негізінен деректерді қорғау. Енді әлеуметтік желідегі парақшаңыз жеке мүлік ретінде саналады. Біреу құпиясөзіңізді тауып немесе басқа жолмен парақшаңызға рұқсатсыз кірсе, құзырлы органдарға шағымдана аласыз. Негізі бұл кодекстер көлемі жағынан өте ауқымды. Оған қоса, Сенат депутаттары ұсыныстарын айтады. Бәрін рет-ретімен алдағы шығарылымдарда баяндаймыз.



Бөлісу