Басты Жаңалықтар Педагог- психологтарға жауапты міндет жүктелген

Педагог- психологтарға жауапты міндет жүктелген

 25 желтоқсан күні елімізде психологтар өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Біздің қоғамда белсенді дамып келе жатқан және сұранысқа ие бұл мамандық иелері адамға өмірлік маңызды мәселелерді шешуде өз үлесін қосуда. Әсіресе, мектептегі педагог-психологтардың баланың тұлға болып қалыптасуы мен қоғамға бейімделуіне атқаратын рөлі зор. Бүгін біз Түркістан облысының Отырар ауданындағы мектептердің бірінде педагог-психолог болып еңбек ететін Айнұр Жаргобенованың бір күндік жұмысын көрсетеміз. 

Педагог-психолог Айнұр Жаргобенованың білім саласындағы еңбек өтілі ширек ғасырға жуықтайды. Соның 18 жылдан астам уақытын осы психология саласына арнаған.  Тәжірибелі маман бүгінде балалардың интернетке тәуелділігін, онымен күресу және алдын алу шараларын зерттеп жүр.

Айнұр Жаргобенова, педагог-психолог:

Қазір балалардың барлығы бесікке қалай бөленеді, содан бастап ұялы телефонда. Оны ата-ананың өзі беріп отыр ғой қазіргі кезде. Балалардың психикасының бұзылуының бірден бір себебі осы ұялы телефон деп ойлаймын. Оқушылармен қарым қатынас жасауда тренингтердің, ойын сабақтарының орын алары анық.   

Сала мамандарының сөзінше, қазір ауыл мектептерінде де балалар арасындағы буллинг, кибербуллинг, суицид мәселесі өзекті. Қыздар арасындағы ерте жүктілік жағдайлары да кездесіп жатады. Оны болдырмау үшін жауапкершілікті  тек мұғалімге артпай, ата-ана мен отбасы да сезіну керек, - дейді олар.

Серғазы Рысбай, Ә.Байтанаев атындағы негізгі орта мектебінің директоры:

Біздің мектептің психологы әрбір сыныптармен жекелей жұмыстарды жүргізіп жатыр. Мінез-құлқы қиын оқушылармен, девиантты оқушылармен жеке-жеке жұмыс жасап, солардың қалыптасуына жұмыс істеп жатыр.

Соңғы кезде  ерекше білімді қажет ететін балалардың қатары көбейген. Олармен жұмыс істеу педагог- психологтарға жүктелген. Әсіресе бастауыш сыныптарда мұндай оқушыларға  ерекше көңіл бөлініп, ой-өрісін дамыту сабақтары жүргізіледі. Жұмысты жандандыру үшін психолог мамандар өзара тәжірибе алмасып отырады. Ал, Айнұр Ермаханқызы осындай мамандардың басын қосқан  бірлестікке жетекшілік етіп, жастарға жол көрсетіп келеді. 

Нұргүл Аханова, педагог-психолог:

Оқушылар арасында кикілжіңдер болсын, алдын ала деп кезінде анықтай алады. Бұл кісі өзінің шығармашылық жағынан бастауыш сынып оқушыларының қарым-қатынасты дамыту, бастауыш сынып оқушыларында зейін тапшылықтарын болдырмау тақырыптарында өзінің шығармашылық мақалалары бар.

Тәжірибелі психолог бүгінде оқушылардың  бойындағы бар шығармашылық көздерін ашып, жаңалыққа деген ұмтылыстарына дем беріп отырады. Кей балалардың іс-әрекетін бақылап, үнемі сұрақ-жауап алады, сөйлеседі. Әр оқушының жеке тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосып жүр.


Бөлісу