Басты Жаңалықтар Мал бордақылауға тиімді несие қарастырылған

Мал бордақылауға тиімді несие қарастырылған

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 5000 басқа арналған бордақылау алаңы бой көтерді. Қазір шаруашылықта 850-ге жуық асыл тұқымды ірі қараны жемдеуге қойған. Барлығы аграрлық несие корпорациясының жеңілдетілген несиесі арқылы сатып алынған.

Өсібай ауылының іргесіндегі «Атамұра табыс» шаруашылығы 10 жылдан аса уақыт осы ата кәсіппен айналысып келеді. Шаруашылық биыл 5 пайыздық мөлшерлемемен 850 бас ірі қара сатып алып, жемдеуге қойған.

Айдархан Исаев, «Атамұра табыс» ЖШС басшысы:

Көбінесе ет бағытындағы қазақтың ақ басы, телефорд, ангус, әулиекөл тұқымдары алып келінуде. Күнделікті салмақ қосу нәтижесі жоғары болғандықтан аламыз. «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан бөлініп жатқан несие ішкі нарықтағы етті қамтамасыз етуге әсер етеді деп ойлаймын.

Бүгінде бөлінген 400 миллионнан аса қаржы толық игеріліп, ірі қараның алды ақпан, наурыз айында сойылмақ. Шаруа қожалығы осы мүмкіндікті пайданып өз қаржысына 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын дайындаған. Келер жылы аграрлық несие корпорациясымен жұмысты жалғастыруға ниетті.

Мүсіреп Хасенов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры:

Бордақылау алаңдарына 5 пайыз жылдық мөлшерлемемен 12 айға дейін ірі қара мал алуға, ұсақ мал алуға және бордақылайтын жем алуға беріледі. Тиімді бағдарламаны ұтымды пайдалануға шақырамыз. Себебі нарықтағы несие бағасы өте жоғары. Сондықтан 5 пайыз өте тиімді болып есептеледі.

Несие талабына сәйкес өнімнің 25 пайызы ет өңдейтін комбинаттарға саудаланады. Қалғаны ішкі нарыққа жұмсалып, реті келсе экспортталмақ. Бүгінде өңірде не бәрі 10 жуық ірі бордақылау алаңы бар. Алдағы уақытта жеңілдетілген несие арқылы кәсібін ұлғайтуға ниетті шаруалар артуда, дейді мамандар.

Бөлісу