Басты Жаңалықтар Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді

Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді

Ал осы сапардағы басты жаңалықтардың бірі - даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл туралы Президент Жамбыл жұртшылығымен кездесуінде айтты. Мемлекет басшысы батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылу керек деді. Президент тағы қандай маңызды мәлімдемелер жасады. Тараздан Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бүгін облыс әкімдігіне аймақтың атқамінерлері ғана емес зиялы қауым өкілдері де, қарапайым жұмысшылары да жиылды. Президент жергілікті жұртпен жүздесіп, өзекті мәселелерге тоқталды. Әрине Әулиеата халқы қуанышпен қабылдаған ең басты мәлімдеме Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс.

Президент облыс орталығында ашылған әскери мектеп-интернатқа батыр есімін беруді де ұсынды. Мұнымен шектелмей Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет.

Жиында Президент тек өңірдің ғана емес республиканың мәселелеріне де тоқталды. Биыл зейнетақы және жәрдемақы төлеуге 5 триллион 900 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы ол тағы 10 пайызға өседі. Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне айрықша мән береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Сондай орталықтарды еліміз бойынша басқа аймақтарда салу қажет деп санаймын. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Шын мәнінде, мұндай нысандардың тек елордада ғана болғаны дұрыс емес, әрбір облыста салу керек. Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық деп айтуға болады. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз.

Президент келер жыл еліміз үшін шын мәнінде үлкен бетбұрыс жылы болады. Түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Алайда бұл туралы кейінірек жариялап айтамын деді. Қазақстан қауіпсіз ел ретінде қалыптасуда. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орнығып жатқанын да тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі күн бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы әңгімелестім, ол да заң мен тәртіп саясатын жүзеге асыруда, қылмысқа, тәртіпсіздікке жол бермейміз деді. Осындай саясаттың нәтижесінде соңғы бес жылда елімізде аса ауыр қылмыстар едәуір азайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша көрсеткіштер де төмендеді. Қоғамда жанашырлық пен қамқорлықты, тазалық пен жауапкершілікті арқау еткен жаңа мәдениет қалыптасып келеді.

Биыл халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылған. Президент Орталық Азияға тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі екенін еске салды. Сөз арасында Мемлекет басшысы облыс басшылығына ауқымды міндеттер жүктеді. Аймақ экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал басқосу соңында Президент бірқатар еңбек адамдарын марапаттады. Осылайша жыл басында Абу-Дабиден басталған Президенттің халықаралық әрі ел ішіндегі сапарлары Таразда түйінделді.


Бөлісу