Басты Жаңалықтар Ресейде мұнай бағасы күрт төмендеді

Ресейде мұнай бағасы күрт төмендеді

Urals маркалы ресейлік мұнайдың бағасы күрт төмендеді. Осыған дейін барреліне 67 доллардан саудаланған қара алтын құны 34 долларға дейін түсіп кеткен. Ал мұнайдан түскен табыс Ресейдің мемлекеттік шығындарының төрттен бірін өтейтін.

АҚШ санкцияларынан соң ресейлік флагмандық мұнай бағасы екі есе төмендеді. Urals маркалы мұнайы 2000 жылдары барреліне 27 доллардан сатылған, ал 2008 жылы тіпті 130 доллардан саудаланып, қара алтыннан түсетін табыс Ресей бюджетінің жартысын құраған. Ол кездері мұнайдың 65 пайызы Еуропаға экспортталатын. Енді Еуропа Ресейдің мұнайы мен газынан 2027 жылдан бастап толық бас тартады.

Марсель Салихов, РФ Энергетика және қаржы институтының президенті:

Келесі жылы мұнайдан түсетін табыс 9 трлн рубль деп жоспарланған. Алайда іс жүзінде бұл сан әлдеқайда аз болады. Себебі Ресейдің экономикасы толықтай мұнай мен газға тәуелді. Мемлекет ірі экспорттаушыларды жоғалтты.

Бұған дейін Үндістан Ресейден тәулігіне 1,7 млн баррель мұнай алатын. Яғни, бұл экспортқа шығарылатын ресейлік мұнай көлемінің 37%-ы. Өткен айда АҚШ «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салды. Сондықтан Үндістан ресейлік қара алтыннан бас тартпаса да, сатып алу көлемін қысқартты. Ресей Қытайға жылына 100 миллион тонна қара алтын экспорттайтын. Соңғы санкциялардан соң Қытайдың ірі компаниялары Ресейден уақытша мұнай сатып алуды тоқтатты. Елде бірден инвестициялық белсенділік төмендеді.

Цецен Горяев, компания директоры:

Санкция әсері бірден біліне қойған жоқ. Ең басты мәселелердің бірі – инвестициялық жобалардың 90 пайызының жабылып қалғаны. Ірі инвсеторларымыздың бәрі бізден кетіп қалды. Сондай-ақ, біз экспорттау барысында көптеген қиындықтарға тап болдық.

Үкімет 2025 жылғы бюджетті жоспарлауда мұнайдың бағасы барреліне 69 доллар, кейін  56 доллар болады деп көрсеткен. Алайда мұнай бағасы арзандап кеткендіктен, қазынаға түсетін қаражат төрт есе қысқарып, 300 миллиард рубль жоғалтады.

Дмитрий Журавлев, саясаттанушы:

Мұнайдан түсетін табыс жоспарлағаннан төмен болатыны түсінікті. АҚШ-тың соңғы санкциялары Ресей экономикасын құлдырататынын көрсетті. Ең алдымен ұлттық валюта арзандады. Оған қоса, логистика бұзылғандықтан, трейдерлер ақша тауып, біздің компаниялар шығынға ұшырауда. Жүктеме өңірлердің бюджетіне, мұнай компаниялары мен кәсіпкерлікке түседі.

Сарапшылар Ресей Үндістан мен Қытай нарығын сақтап қалу үшін, тіпті мұнайды барреліне 20 долларға дейін сатуға дайын екенін айтады. Сонымен қатар, тығырықтан шығу үшін отандық мұнай компанияларына салық өседі. Ұлттық қордағы қаражат пен алтын бюджеттің жыртығын жамауға бағытталады. Алайда Ресейдің алтын валюта резевріндегі 640 миллиард долларының 300 миллиард доллары бұғатталған. Сондықтан бар резерв тек 1-2 жылға жетеді.  Келер жылы инфляция шарықтап, білім, денсаулық, әлеуметтік сала зардап шегеді, деген болжам бар.

 


Бөлісу