Басты Жаңалықтар Роботтық жүйелер ортопедиялық операцияларға енгізілді

Роботтық жүйелер ортопедиялық операцияларға енгізілді

Алматыда ірі буындарды эндопротездеу бойынша бірегей операция жасалды. №4 қалалық клиникалық ауруханада ТМД елдерінде алғаш рет робот-көмекші іске қосылды. Шетелдік мамандардың қатысуымен тізе буынын импланттау бойынша 8 ота сәтті өтті.

Маржан Төлеуқызына бірнеше жыл бұрын төртінші деңгейлі артроз диагнозы қойылған. Сөйтіп сәуір айында дәрігерлер сол аяғына операция жасаған. Ал кеше оң тізесіне робот көмегімен хирургиялық ем қолданылды. Бір жылда екі операцияны еңсерген Маржан Төлеуқызы заманауи технологиямен жасалған ота әлдеқайда жеңіл өтті, дейді.

Маржан Төлеуқызы, Түркістан облысының тұрғыны:

Шишкасын ауыстырды.Титан қойды ғой ортаға. Бұрынғымнан кішкене жеңілдеу өтті. Мына қолмен жасағанда қатты ауырған біразға дейін. Бірінші сол аяғымды жасаған кезде ауырлау болды. Ал мынада түнде  шамалы ауырды. Мынаған қарағанда әлдеқайда жеңілдеу болды деп ойлаймын.

Бұл операция пассивті роботтың көмегімен жүзеге асырылды. Аталған жүйе алдын ала күрделі тексерулерді қажет етпейді. Робот хирургтың тікелей басқаруымен жұмыс істейді. Сонымен қатар, науқастың буындарындағы өзгерістерді үздіксіз бақылап отырады. Озық технология маманға нақты бағыт-бағдар беріп, қозғалыстың дәлдігін арттырады, - дейді дәрігерлер.

Мейрамбек Жұмағұлов, № 4 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

Егер біз роботты қолданатын болсақ, біріншіден, қоятын жасанды буынымымызды 1 мм дәлдікпен өзіміз ойлағандай сол пациенттің анатомиялық ерекшеліктерін пайдаланып қойылады. Соның арқасында сүйекті дәлдікпен кесіп, жұмсақ тіндер кесілмейді.  Соның нәтижесінде қан кетулер аз болады, және операциядан кейінгі ауырсынулар сезімдері аз болады.

Осы уақытқа дейін ауруханада 25 мыңнан астам науқасқа буын алмастыру операциясы жасалған. Ал былтыр эндопротездеу бағыты бойынша 1800, биыл 2200 ота сәтті өтті. Мамандар елімізге роботтық жүйелерді кеңінен енгізсек, хирургияның дамуын жеделдетіп, отандық медицинаның мүмкіндігі артады, - деп отыр.


Бөлісу