Басты Жаңалықтар Түркияда балалардың әлеуметтік желіге кіруін заңмен шектемек

Түркияда балалардың әлеуметтік желіге кіруін заңмен шектемек

Түркия билігі 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілер мен кей интернет парақшаларға кіруіне тыйым салмақ. Қазір Парламенттегі Технология және коммуникация комитетінің жұмыс тобы цифрлық қауіпсіздік туралы құжатты талқылап жатыр. Мамандар бұл заң балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қажет екенін айтады. 2026 жылы Түркияда балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне толық тыйым салынуы мүмкін бе?

Түркиялық мамандар бұл шектеулерді енгізу үшін қазір ірі интернет платформалардың басшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр. Негізгі мәселе балалардың жасын анықтау жолдары мен олардың зиянды сайттарға кіруін шектеу тәртібі. Жаңа заң қабылданса, балалар арасында артып бара жатқан кибербуллинг, ойынқұмарлық сияқты келеңсіздіктердің алдын алуға болады дейді мамандар.

Махинур Өздемир Гөкташ, Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі:

Біз балалармен, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен және әлеуметтік желілердің өкілдерімен жиі жиі кездесіп, интернет пен онлайн ойындарды реттеп отыратын арнайы заң қажет екендігін түсіндік. Қазір әлеуметтік желі тек байланыс құралы емес, балалардың психикасына тікелей әсер ететін қуатты қаруға айналды. Сондықтан әлеуметтік желі мен интернет ойындарды біріздендіретін жаңа заңды жақында қолданысқа енгізбекпіз.

Дегенмен кей мамандардың пікірінше мәселенің екінші ұшы да бар. Бірншіден проблеманы тыйым арқылы түбегейлі шешу мүмкін емес. Екіншіден бұл балалардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектеу дейді.

Еркан Йылдырым, заңгер:

Ақпаратқа қол жеткізу конституциялық норма. Оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ. Толық тыйым мәселені керісінше ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан заңды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін қарастыру керек. Балаларға ненің қауіпті, ненің қауіпсіз екенін үйренетіндей мүмкіндік берген дұрыс.

Ал ата аналардың көбі бұл заңды қолдайды. Дегенмен оның нақты қалай іске асатынынан бейхабар.

Баламның интернетке кіруін қадағалап отыруға тырысамын. Алайда оны әрдайым бақылап отыру мүмкін емес. Егер заң бойынша тыйым салынса дұрыс болар еді.

Заңмен тыйым салынса да оны мемлекет қалай қадағалайды? Балалар ол заңды айналып өтетін жол табады. Немесе басқа біреудің телефонына кіреді.

Түркияның Отбасы министрлігі де мәселенің тек тыйыммен шешілмейтінін түсініп отыр. Сондықтан «Балалардың қауіпсіздігі» атты жаңа қосымша мен интернет платформа дайындап жатқанын айтты. Ол жерде ата аналарға, мұғалімдер мен оқушыларға әлеуметтік желілер мен интернеттің зияны және дұрыс пайдалану жолдары туралы жан-жақты мағұлмат беріледі. Ал жаңа заң парламентте мақұлданса келесі жылдың алғашқы айларында қолданысқа енгізілуі тиіс.

Бөлісу