Басты Жаңалықтар Әуе компанияларына бақылау күшеюі мүмкін

Әуе компанияларына бақылау күшеюі мүмкін

Әуе компанияларына бақылау күшеюі керек. Мәжіліс депутаттары тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Енді сапасыз әрі кешіккен қызмет үшін авиакомпанияларға салынатын айыппұл көлемі де  артуы мүмкін. Бұл билет бағасының шарықтатып жібермей ме? Өзгерістің тиімді тұстары қандай?

Аспан арқылы қатынайтын көлік түріне көпшіліктің көңілі толмайтыны рас. Бүгінде ұшаққа билет алып, түрлі себептермен әуе сапарынан бас тартқандардың 30%-ға жуық ақшасы қайтарылмайды. Енді депутаттардың бастамасына сәйкес, кез келген авиакомпания өткізілген билет құнының 90 пайызын тұтынушыға табыстауға міндеттелуі мүмкін.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Авиация бірнеше заң бұзып жатыр. Рейстерді кешіктіреді, өзгертеді, багажға штраф қояды. Өзі қанша заңды бұзады, оған ешқандай айыппұл салмайды. Ал адамдар бір келі асып кетсе де, үстінен ақша төлеткізіп жатыр.

Депутаттың сөзін, жолаушылар да растап отыр.

Экономистердің айтуынша, бақылау күшейіп, айыппұлдың көбеюі әуе компанияларының шығынын арттырады. Салдарынан олар билет бағасы 5–7 пайызға өсіріп жіберуі мүмкін.

Қажыкелді Шамбыл, экономист:

Ешкім өзінің пайдасынан арылғысы келмейді. Мысалы бір адам билетті өткізгені үшін, басқа қарапайым 10 адам үшін билеттің бағасы қымбат болады. Егер монополия болса, бәсеке болмаса міндетті түрде сапа төмендейді. Бірақ баға өседі.

Жалпы елімізде жолаушы құқығын бұзған авиакомпанияларға бақылау жүргізуге  шектеу бар. Шағымданушы нақты дәлел көрсетіп, тексерісті талап еткенде ғана жұмыс жүргізіледі. Мәжілісмендер енді Азаматтық авиация комитетінің бақылау өкілеттігін күшейтуді көздеп отыр.

Әділет Көбенов, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:

Өзгерістерге сәйкес бұл процедураларды жеңілдету қарастырылған.

Дегенмен әзірге бұл түзетулерді заң жобасына енгізу қарастырылып жатыр. Әлі нақты шешім шыққан жоқ. Депутаттар жаңа бастама жолаушы мүддесін қорғауға, сондай-ақ әуе тасымалы нарығын тәртіпке келтіруге бағытталғанын айтады.

Бөлісу