Басты Жаңалықтар МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізіледі

МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізіледі

1 қаңтардан бастап медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібі мен қызмет көрсету пакеттерінде бірқатар маңызды өзгеріс болмақ. Мәселен, әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін  медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы орган төлейді. МӘМС жүйесінде D және E санатына кімдер жатады? Жаңа ереже азаматтарға қалай әсер етпек?

Ақниет Балтанова, тілші:

Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар ауруларды тексеру және емдеу - тегін жүзеге асады. Яғни сақтандыру мәртебесі бар-жоғына қарамастан мынадай диагнозы бар азаматтар тегін емделеді. Сондай-ақ, дәрігердің алғашқы қабылдауы, вакцинация мен скринингтер, жедел-жәрдем көмегі - азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Ал созылмалы дерті бар науқастар міндетті түрде МӘМС жүйесі арқылы қаралады. Бұл тізімге осы дерт түрлері жатады. Мұндай диагнозы бар азаматтарға дәрі-дәрмек те МӘМС есебінен беріледі. Өйткені, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам артериялық гипертония бойынша есепте тұр. Жыл сайын инсульт пен инфаркттің 50 мыңдай жағдайы тіркеледі. Бұл дертті емдеуге заманауи технологиялардың көмегі қажет. Сондықтан шығын  7 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мәселен, бір ғана диализдегі науқастың жылдық шығыны орта есеппен 5 миллион теңге.

Әлия Рүстемова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

18 жасқа дейінгі балаларға сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Кәмелет жасына толғаннан бастап, ол азамат ересектер қатарына жатады. Бірақ білім ордасында студент болса, тағы да медициналық сақтандырумен мемлекет қамтамасыз етеді. Ресми түрде келісімшартпен жұмыс істесе, жұмыс беруші сақтандыру жарнасын төлейді. Ал егер өз өзін жұмыспен қамтыса яки келісімшартсыз штаттан тыс қызметте істесе, ешқандай жеңілдетілген санатқа жатпаса, ай сайын 4250 теңге төлеп отыруға міндетті.

Ақниет Балтанова, тілші:

Жаңа жүйеде D, Е деген 2 санат қарастырылған. Осы санатқа жататын осал топтағы азаматтар автоматты түрде сақтандыру мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ 5 жылдан бері сақтандыру жарнасын үздіксіз төлеп келген қазақстандықтар қандай да бір қиын жағдайға тап болса, сақтандыру мәртебесі 6 ай бойы сақталады. Ал еңбекке қабілетті азаматтар жылына шамамен 51 мың теңге көлемінде жарна төлейді. Айта кету керек, медициналық сақтандыру қоры ашықтық үшін  тоқсан сайын есеп беріп отырады. Яғни қанша қаражат түсті, қалай игерілді, бәрі сайтта жарияланады.
Бөлісу