Басты Жаңалықтар Ұлттық арна тілшілері көтерген мәселелер шешілді

Ұлттық арна тілшілері көтерген мәселелер шешілді

Сапасыз салынған ғимараттар, бұзылған жол, жалақысын ала алмай жүрген жұмысшы. Жыл бойы ұлттық арна тілшілері халықты сарсаңға салған осындай сан түйткілді көтерді. Журналистік зерттеулерден кейін жауапты органдар осы мәселелерге назар аударып, нақты шаралар қабылдана бастады. Тілшіміз Мәдина Нағашыбай тарқатсын.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту» бағдарламасы бойынша 5 млрд теңгеге 38 медициналық пункт салынған еді. Алайда желтоқсан айында сән-салтанатымен ашылған нысанның басым бөлігі халық игілігіне берілмей, бірнеше ай қаңырап, қондырғылары қаңтарылып тұрды. Себебі сапасыз салынған. Ұлттық арна тілшісі арнайы барып, мәселені көтерді, көрерменге көрсетті.

Эльмира Кәленова, тілші:

Құрылыстың қалай болса, солай жүргізілгенін табалдырықтан-ақ аңғаруға болады. Тас төсеме қопарылып, сынып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа ғимараттың жөнделіп жатқанына бір ай болған.

Материал эфиге шыққан соң жөндеу қарқын алып, бүгінде 21 медициналық нысанның бәрі қолданысқа берілді.

Сәуле Жақыпова, ауыл тұрғыны:

Қазір жақсы. Жарық, жылы. Қашан келсең де, қабылдайды. Терапевт бар, акушер бар. Керек кезде укол салып береді.

Ал былтыр Батыс Қазақстан облысында тасқыннан кейін комиссияның «үй тұруға жарамды» деп шығарған шешіміне наразы Жымпиты, Өлеңті ауылдарының тұрғындары түсірілім тобын арнайы шақыртты. Қабырғасы сөгіліп, қақырап тұрған үйлердің жағдайын жасырмадық.

Содан соң комиссия мәселені қайта қарап, аудан орталығына 114 үйден бөлек, тағы 38-ін салуға шешім шығарды. Биыл мұң-мұқтажын айтқан азаматтың барлығы баспаналы болды.

Бұл жылы Ұлттық арна ауыл балаларының көптен күткен жаңа білім ошағына көшуіне де себепші болды. Құрылысы тұралаған Түркістан облысының Нұрлыжол елді мекеніндегі мектеп әуелде 2022 жылы тапсырылуы тиіс еді. Десе де мердігер мерзімін қаражат жоқ деп қайта-қайта созбалаңға салды. Төрт жыл бойы шешілмей келген түйінді телеарна тарқатты. Тиісті орган тексеріс жүргізіп, мердігерлік ұйым жазаланды. Ал жаңа ғимараттың құрылысы аяғына жетті.

Ербол Ахметов, Нұрлы жол ауылының тұрғыны:

Жаңа ғимаратымыз бітті. Оған бір үлкен себепкер болған Ұлттық арнамызға рақмет. Сол кісілерге арыз-шағым жазған болатынбыз. Ішінде бәрі жабдықталған, заманауи, қазіргі стандартқа сай.

Рудный қаласында мектеп салған құрылысшылардың да мәселесі оң шешімін тапты. Бір жыл бойы жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың еңбекақысы қолына тиді.

Сабыржан Орынбеков, Рудный қаласының тұрғыны:

Мен енді осы бір жылдың ішінде көп жерлерге шағымдандым. Олардан нәтиже болмады. Қазақстан ұлттық арнасына рақметімді айтамын. Мәселемізді көтеріп, ала алмай жүрген жалақымызды алып, мәре-сәре боп жатырмыз.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл Жыланды ауылының кіре берісіндегі 3 шақырым жол. Ауыл халқының айтуы бойынша бұл жерде картада тас жол бар. Ал көріп тұрғандарыңыздай іс-жүзінде ауылға апарар батпақ жол.

Ал бұл Атырау облысының Жыланды ауылының жол мәселесін қозғаған кез. Тұрғындар жыл он екі ай батпақ кешіп, көлік тұрмақ, жаяу жүруге қиналамыз деп базынасын айтқан еді. Бүгінде ауыл жолдары 175 млн теңге қаражатқа жөнделіп жатыр.

10 жыл бойы тіршілік нәрінен тарығып келген Жамбыл облысының Жайылма және Маятас ауылдарында да су құбыры тартылатын болды. Арнайы мемлекеттік қордан 1,5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.


Бөлісу