Басты Жаңалықтар Биыл Алматыға 1 миллион 800 мыңнан астам турист келген

Биыл Алматыға 1 миллион 800 мыңнан астам турист келген

Биыл Алматыға 1 миллион 800 мыңнан астам турист келген екен. Бұл былтырмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Саланы одан әрі дамытуға 113 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Атқарылып жатқан ауқымды істердің жемісі де жоқ емес. Мәселен, халықаралық Bloomberg басылымы Алматыны 2026 жылы баруға тұрарлық әлемдегі 25 туристік бағыттың қатарына қосты. Алматы туристерді несімен қызықтырады? Қаланың дамуы ел туризміне қандай үлес қосады? 
Алматының көз тартар көркем жерлері – алып шаһардың саяхатшыларды қызықтыратын басты ерекшеліктерінің бірі. Биыл қалаға 1 миллион 800 мың турист келген.  Әсіресе, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Кореядан келгендер көп.

Мен Алматыға Америка Құрама Штаттарынан келдім. Мұндағы әр күнім ұнап жатыр. Халқы өте қонақжай.
Мұнда қысқы туризмге барлық жағдай жасалған. Алматының әдемі жерлері көп екен. Бұл туристер үшін өте тартымды.
Табиғаты көркем, түрлі өсімдік пен жануарды бауырына басқан Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Мамандардың айтуынша, биыл мұнда 1 миллионға жуық турист келген. Сарапшылар елімізде осындай табиғат жауһарларын насихаттау әлем елдерінен келетін туристердің санын арттыруға айтарлықтай үлес қосады деп отыр.
Алматыда экотуризмді дамытуға басымдық берілген. Биыл саланы дамыту үшін 113 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл қаражатқа демалыс орындары, глэмпинг нысандары және 10-нан астам қонақ үй бой көтерді. Мамандар туристерге жайлы жағдай жасау үшін цифрлық технологияларға да басымдық берілгенін айтады.
Айбол Мұратхан, Алматы туризм бюросының менеджері:
Мыңға жуық километрді абаттандырып, 2026 жылдың басында цифрландыруды жоспарлауда. Яғни, тұрғындар телефон қосымшасында бәрін тегін қолдана алады.
Мемлекет басшысы елімізде туризм саласын дамытуды тапсырған. Мамандар Алматыдағы өсім Қазақстанға келетін туристер санының артуына ықпал етеді деп отыр.
Венера Мұстафина, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ ресми өкілі:
Туристердің келуіне мүмкіндік жасап, инвесторларды іздеу оларды тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Халықаралық Bloomberg-тен бөлек, өзге ірі компаниялар да Алматыға оң баға берген. Британдық The Telegraph қаланы «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп атаса, Booking желісінің дерегінше, Алматы аймақтағы ең қарқынды дамып жатқан туристік бағыттардың ондығына енді.

Бөлісу