Басты Жаңалықтар «Нұрлы Жол» газетінің шыға бастағанына 35 жыл

«Нұрлы Жол» газетінің шыға бастағанына 35 жыл

Өзбекстанда қазақ тілінде шығатын «Нұрлы жол» газеті бар. Басылымның жарық көре бастағанына 35 жыл толып отыр. Көрші елдегі қандастарымыз үшін үзбей ақпарат тарататын газет Өзбекстан Олий мәжілісі мен үкіметінің қолдауымен шығады.
Сонау 1991 жыл есіктен енген тұста «Достық туы» деген атаумен жарық көрген газеттің алғашқы сандары Шымкенттегі баспаханада басылған. Араға біршама уақыт салып «Нұрлы жол» деп өзгерген басылым елдің қазақтар қоныстанған барлық ауыл-аймағына тарайды.
Гүлжамал Байтөреева, журналист:

Нұрлы жол Өзбекстандағы қоғамдық саяси газеттердің алдыңғы легінде. Мақсат - Өзбекстанда болып жатқан жаңалықтарды қазақ ұлтына ана тілімізде жеткізу. Жастардан бастап үлкен кісілерге дейін қалың оқырманымыз бар, олар да арасында жазып тұрады бізге.
Ғұламзәкір Жүсіпов, «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы:
Қазақстанның материалдары бұрын көп берілмейтін, қазір жиі беріп тұрамыз, елшілікте болып жатқан шаралар да беріледі. Келешекте газетті бұдан да жақсы деңгейге көтеріп, екі елдің достығы нығаюына үлес қосамыз.
Таралымы 4 мыңға жуықтайтын газет аптасына екі рет шығады. Саяси-әлеуметтік мәселелер, ауыл адамдарының өмірі жайлы мақалалар үздіксіз беріліп тұрады. Ұжымда 30 ға тарта адам еңбек етеді. Арасында Қазақстанда білім алған журналистер де бар. Солардың бірі Қатира Нұрбаева газет тарихынан аз кем сыр шертті.
Қатира Нұрбаева, ҚазҰУ түлегі, «Нұрлы жол» газеті бас редакторының орынбасары:
Қазақстанның оңтүстік өңірі біздің газетімізге жазылатын. Тіпті бір кездері Моңғолия мен Түркиядағы қандастарға тараған кезі болды. Осындағы қазақтар тілді ұмытпасын, қазақша оқысын, рухани азық алатын газет болғаны жақсы деп күн түн демей еңбек етіп жүрміз.
Қос елдің бірлігін бекемдеу жолында қалам тербеген журналистер ұлт руханиятын ұмытқан емес. Газеттің бір бетінде әрдайым әдебиет пен мәдениетке, ақын жазушылардың шығармаларына орын беріледі.

Бөлісу