Басты Жаңалықтар Шымкенттік параспортшы миллионға үлгі болып жүр

Шымкенттік параспортшы миллионға үлгі болып жүр

Шымкенттік студент Дәулет Садықов көпшілік үлгі тұтқан жастардың бірі. Өзінің ерік-жігерімен жұртты тәнті еткен параспортшы шаршы алаңда волейбол ойнағанда алдына жан салмайды. Миллиондаған көрерменге шабыт берген жас спортшының шеберлігі туралы келесі бейнематериалда.

Дәулеттің қимылы шапшаң, соққылары жойқын. Команданың негізгі  ойыншыларының бірі өзінің шеберлігімен көпті таңқалдырып ақ жүр. Спортқа бала кезінен құмартқан бозбала 7 жыл бұрын айықпас дертке шалдығып, бір аяғынан айрылған. Бірақ спорт Дәулетті алға жетеледі.

Дәулет Садықов, параспортшы:

Мен Алматыда ойнап жүргенде Шымкент және Тараз шақырып жүрді.  Волейбол өмірімнің жартысы болып кеткен. Әлеуметтік желілерге өз видеоларымызды салу арқылы өзім сияқты азаматтарға үлгі болғым келеді.

Дәулет күніге бірнеше сағат жаттығады. Дайындыққа күш-жігерін аямайды. Ойын кезінде әріптестерінің әрбір қимылын қалт жібермей, олардың  әрекетіне қарай допты  қапталдан  шығарып береді. Тордың түбінде қарсыластарынан айла-әдісін асыруға да  әбжіл. Командаластары оны топқа ерекше көңіл мен жігер сыйлайтын спортшы ретінде құрмет тұтады.

Дәулет Сатыбалдиев, досы:
Бізбен қатарлас ойнайды. Бізден артық ойнамаса, кем ойнамайды. Оған мен сенімдімін. Ол осы қалпымен жастарға үлгі болады.

Дәулеттің ойынын алғаш рет досы желіге жүктеген. Көп ұзамай бейнежазба бірнеше миллион қаралым жинап, көптің ықыласына бөленді.

Дәулет Садықов, параспортшы:
Көп адам өмірден түңіліп жүреді. Мен қолыңнан келеді деген нәрсені көрсеткіміз келеді. Соларға мотивация болып, үйде жата бермей, болмайтын нәрсе болса да, сонымен айналысқанын қалаймын.

Дәулет өзгеге де ,өзіне де талапшыл. Алға ұмтылу – оның өмірлік ұстанымы. Ал ата-анасының сенімі – Дәулеттің басты тірегі.



Бөлісу