Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында қалың қарда кептелген көлік саны 2 мыңға жуықтады

Жамбыл облысында қалың қарда кептелген көлік саны 2 мыңға жуықтады

Жамбыл облысының жолдарында 2 мыңға жуық көлік кептеліп тұр. Оның 90 пайыздан астамы ауыр жүк көліктері. Өйткені өңірде соңғы екі күннен бері қыс қаһарына мініп, қар қалыңдығы 1 метрге жетеқабыл жауды. Салдарынан Таразға кіріп-шығу қиындап, Шымкент пен Алматыға жол жабылды. Аймақтағы тілшіміз Данияр Әлімқұл Жуалы ауданына барып, тау басындағы тасжолдағы жағдайды көріп келді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жамбылдың қысы енді қаһарына мінгендей. Қар кеше таңнан бері толассыз, осылай жапалақтап жауып жатыр. Ақпанда жауған ақ ұлпаның қалыңдығы қазір 70 сантиметрге жуықтады. Салдарынан бірнеше бағытта жолдар жабық. Ал мен тұрған «Күйік» асуында 30-дан аса ауыр жүк көлігі тасжолдың бойында тұрып қалған.

Айдаладағы айналма жолда көлігі қаңтарылып, қалып қойған жүргізушінің бірі – Оксана Шевчук. Алматылық келіншек аяғы ауыр болғанына қарамастан, жалғыз өзі жүк көлігін жүргізіп жүр. Жүктіліктің сегізінші айына шыққан жүргізушіге полиция ас-суын әкеліп, ары қарай аудандық ауруханаға алып кетті.

Оксана Шевчук, Жүк көлігінің жүргізушісі:

Мен Мәскеуге Қытайдан тауар апара жатқан едім, міне, енді қалың қардан жүру мүмкін емес. Кешеден бері тоқтап тұрмын. Ыстық кофе мен бәліш беріп жатқан полиция қызметкерлерінің жанашырлығына рахмет.

Асқар Мұсылманов, жүргізуші:

Павлодардан Шымкентке кетіп бара жатырмын. 2 мың шақырым жол. Мал әкеле жатырмыз. Кеше осы «Күйік» асуына келгенбіз. Қар жауып, жол жабық. Менің көлігімде жанармайым жетеді. Көлікте пеш бар, жылытып тұрады. Жаурап жатқан жоқпыз, бізге  жолды ашып берсе болды.

Аймақта аяз жоқ демесек, қыс өзінің бар сыбағасын ақпанға сақтаған секілді. Облыс бойынша жол бойында 1 200-ден аса көлік кептеліп тұр. Полиция қардың тоқтамауына байланысы Тараз-Шымкент-Алматы бағытындағы жолдарды жапты. Қозғалыссыз қалған көліктерді қоспағанда әскерилердің ауыр техникасына дейін жолдан шығып қалған. Облыс орталығында қоғамдық көліктер де қарға тығылып қалып жатыр.

Ержан Мананбаев, облыстық Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Екі тәулік ішінде шамамен 50-ге жуық автокөлік қар құрсауынан шығарылды. 20-ға жуық азамат жылыту пунктеріне полиция қызметкерлерімен жеткізілді. Полиция қызметінің барлық қызметкері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. 

Ал жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесі автодәліз бойын ақ ұлпадан аршуға 100-ден аса техника жұмылдырды. Бірақ тынымсыз жұмысты тоқтаусыз қар жоққа шығарып жатқандай.

Біржан Әшіров, «Қазавтожол» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы:

Ауа райының болжамымен Қордай асуында бүгінгі күнге тағы да боран болуы мүмкін. Сол себепті жолда ертеңгі сағат 9-10-ға ашуды жоспарлап отырмыз. Құм, инертті материалдардың жалпы себілуі тәулігіне 6-7 мың кубтан асып кетеді.

Қазақ «боранда ит пен бала құтырады» дейді. Айдалада адамға еркелей жүгірген салпаң құлақтарды көрдік. Бірақ бүгін көшелерде бір бала жоқ, олар онлайн оқуға көшті. Жалпы, жамбылдықтардың желідегі жазбаларына қарасақ қысты сағынып, қалың қарды көп күткенге ұқсайды. Тоқтамай жауған қарға диқандар қауымы қатты қуанып отыр. Өйткені қыста қар қалың түссе, жазда қуаңшылық болмайтынын білдіреді.


Бөлісу