Шайдоров шыққан шың
Бүгін Ақорда резиденциясында ХХV қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін және тарихи жеңіс еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.
Миланның төріне төселген мұз тайғақ еді. Сырғы бар жерде, сүріну де қасқағым. Қарсыластар қапыда қағылып жатты. Бірақ ол күні Михаил сырғымен мұз үстінде тарихтың ізін салды. Алтын сақа – ұршықша иіріліп барып алшы түсті. Қысқы спорт қысыр спортқа баланып бара жатыр еді. 32 жыл дегенде мұз үстінде үміттің шырағы, Шайдоровтың жұлдызы жанды. Кешегі Денис киген сырғының иесі табылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден,күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды.Ақорда алтын баласына құрмет көрсетіп жатыр. Талпыныс пен жарқын істің айқын көрінісін көрсеткен дарын көпке де үлгі. Президент Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін.
Талант жалқы болса да, жеңіс –жалпының күшімен келеді. Чемпионды балапанынан баптап, мұздың мұзбалағы қылған ұжым бар. Президент Михаил Шайдоровтың бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапттады. Сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға «Құрмет» ордені табысталды.
Станислав Шайдоров, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы:
Президенттің қолынан мапарат алу – бұл мен үшін өте үлкен қуаныш. Мен бүгін «Достық» орденімен марапатталды. Шынын айтсам, өзім де достыққа берік адаммын. Сондықтан да бұл ордан мен үшін маңызды.
Әсем Қасанова, ҚР Мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы:
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Барлық спортшылар мен бапкерлердің, спорттық дәрігерлер мен көмекшілердің атынан Сізге спортты қолдауыңыз үшін алғыс білдіремін. Біз елдің қолдауын сезінеміз және сол қолдау бізге күш пен жігер береді.
Ақордаға олжасын асынып келген чемпион сарайдың ішін аралады. Бүгін ол - басты қонақ, мерейлі мейман. Салтантты жиыннан кейін президент марапат иелерімен еркін әңгіме-дүкен құрды. Ұл үшін әкенің әңгімесі – өмірдің әліппесіндей. Мемлекет басшысы чемпионды тәрбиелеп өсірген азаматтың ақталған үмітінін, құндылығын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бүгін сенің әкеңе қарата жылы сөздерді бекерден айтпадым. Станислав Шайдоров барлық қиындықты еңсеріп, әке ретінде, алғашқы жаттықтырушы ретінде де жеңіске сенді. Табысқа жетудің жолы оңай емес, кейде қиын әрі бұлыңдыр болады. Сол жетістікке өз күшіне сенетін, ерекше мінезге ие адамдар ғана жетеді. Сен қазіргідей еліміздің шын патриоты болады деп үміттенемін. Ал мемлекет сендей азаматтарға қамқорлық танытады. Қалай дегенмен, сен біздің мемлекеттің алтын жетістістігісің. Барлығыңызға рахмет.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2029 жылы Алматы қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына ерекше назар аудару қажет, деді. Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Бұл – Қазақстандағы спорттың дамуына тың серпін беріп, экономика мен туризм салаларына оң ықпал ететін өте маңызды іс-шара. Ал мінберде тұрып сөйлегенде Михаил Шайдоров «бұл әлі басы ғана» деген еді. Демек алтын сақа – әлі талай тартыста тігіліген шырды бұзып, шыңды алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы