Қазақстанда алғаш рет өңірлік экологиялық саммит өтеді
Елімізде алғаш рет өңірлік экологиялық саммит өтеді. Сәуір айында Астанада ұйымдастырылатын ауқымды іс-шарада Орталық Азия мемлекеттері климат пен экологияға қатысты маңызды мәселелерді талқыға салмақ.
Экологиялық апат аймағына айналған Арал теңізінің солтүстік бөлігі қалпына келе бастады. Орталық Азия елдерінің бірлескен жобаларының арқасында су көлемі артып, жан-жануарлар қайта оралды. Енді теңіз аумағын 4 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мәселе біздің елде өтетін өңірлік экологиялық саммитте кеңінен талқыланбақ. Ауқымды жиынға бес мемлекеттің басшысы мен 20 мыңнан астам маман қатысады.
Диларом Сұлтанмұратова, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы департаментінің жетекші менеджері:
Саммит 22-24 сәуір аралығында болатын екі маңызды экологиялық іс-шарадан тұрады. Бес Орталық Азия мемлекетінің басшысы қатысады. Одан басқа 2 шетелдік мемлекет басшысы да өздерінің қатысуын растады. Сондықтан ол жоғары деңгейде болады. Одан әрі көрме өтеді. Онда компаниялар өздерінің жасыл технологияларын көрсетеді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу – саммитте талқыланатын тағы бір маңызды мәселе. Әр мемлекет өз жобасын ұсынады. Біздің елден жас ғалым Дана Қадырбек қатысуы мүмкін. 17 жастағы қыз су жинайтын смарт құрылғы жасап шыққан. Бұл қондырғы ауаны суға айналдырады. Яғни, ылғалды сіңіріп, жоқтан бар жасайды. Осы өнертабысы үшін Дана Оңтүстік Кореядағы, Индонезиядағы халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды.
Дана Қадырбек, жоба авторы:
2050 жылға қарай Қазақстан суға мұқтаж елдердің қатарына қосылуы мүмкін деген болжам бар. Бұл мәселе мені қатты алаңдатты. Шешімін табуға күш-жігерімді салғаным содан. Өнертабысым халықаралық деңгейге шықты. Болашақта ауқымды, әлемдік жобаға айналып, елімізге пайдасын тигізеді деп сенемін.
Ауқымды жиында климаттың өзгеруі де сөз болады. Өйткені Орталық Азия өзге елдермен салыстырғанда жаһандық жылынудан едәуір зардап шегіп жатыр. Су көздерінің сарқылып, көлдерің таязданып жатқаны соның бір айғағы, - дейді белгиялық сарапшы.
Жан-паскаль Ван Иперселе, «Климаттың өзгеруі» халықаралық сарапшылар тобының вице-президенті:
Климаттың өзгеруі өзекті проблема. Арктикалық мұздықтардың еруі-дүниежүзілік мұхит температурасын өзгертеді. Салдарынан атмосферада су буының шоғырлануы ұлғайып, жауын-шашын көбейеді. Жаңбыр жиі жауған сайын теңіз, өзендер ернеуінен асады. Демек, Азия, Еуропа басқа да жерлерде қазіргіден де жойқын су апаты болуы мүмкін.
Қорыта келгенде саммит тек диалог алаңы ғана емес, ғылыми мекемелер мен іскерлік қауымдастық арасындағы өзара байланысты нығайтады. Іс-шара аясында бірқатар меморандум да қабылдануы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы