Басты Жаңалықтар Еуропада қайта өңделген ескі киімдерге сұраныс артты

Еуропада қайта өңделген ескі киімдерге сұраныс артты

Еуропа елдері шамадан тыс киім өндірісіне шектеу қоймақ. Ол үшін биыл шілдеден бастап ЕуроОдақтағы ірі компанияларға сатылмаған киім мен аяқ киімді жоюға тыйым салынады. Себебі жыл сайын қарт құрлықтағы тоқыма бұйымдарының тоғыз пайызы ешкім кимей-ақ өртеледі. Соның кесірінен ауаға 5,6 миллион тонна зиянды қалдық таралады. Қоршаған ортаны сақтау үшін Еуропа елдері ескі киімді қайта өңдеуді қолға алды.   

Алматылық Оксана Ян Бельгиядағы CYCLUP желісінің жетекшісі. Жұмыс бабымен Брюссельге қоныс аударған жерлесіміз ескі киімдерді қоқысқа лақтырмай, олардан жаңа киім тігудің шебері.

Оксана Ян, Брюссель қаласының тұрғыны, дизайнер:

Мынадай көрпе естеріңізде шығар, Кеңес үкіметі үшін Қытай шығарған көрпе кезінде бәріміздің үйімізде болатын. Қазақстаннан осындай көрпелерді әкеліп, одан мынадай жиырма пальто тігіп, саттым. Түйе жүнінен жасалған өте жылы, су жібермейтін пальтолардың мықты екенін біліп, бельгиялықтар талап әкетті. Адамдар арзан деп синтетикалық киімдерді сатып алып, бір киіп лақтырып тастамай, қымбат болса да, сапалы матадан ұзақ жыл киетін киім алуға дағдылануы тиіс.

Киім өндірісі табиғатты ластауы жағынан мұнай өнеркәсібінен кейін екінші орында тұр, дейді мамандар. Бельгия үкіметі түйткілді мәселені апсайклинг, яғни ескі киімге қайта жан бітіру арқылы шешу үшін осындай әлеуметтік жобаларды қаржыландыруды күшейтті. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бұл жерде ысырапқа жол берілмейді. Мәселен, мына көйлек галстуктардан құрастырылып тігілген. Өте әдемі. Бағасы жүз елу еуро, сексен бес мың теңге. Ал мына сырғалар пластикалық бөтелкеден жасалған. Бұл жердегі заттардың барлығы көздің жауын алады. Мына сөмке велосипедтің дөңгелегінен арнайы тігілген. Белдік те дөңгелектен жасалған. Бельгиялықтар арасында сұранысқа ие.

Шеберлер бөтелкенің қақпағын да пайдаға жаратқан. Дүкен сөрелері мен жиһаздары да жарамсыз деп қоқысқа тасталған құрылыс материалдарынан құрастырылған. Мақта, зығыр, былғары сынды таза табиғи маталардан қайта тігілген киімдерге сұраныс жоғары.

Эмма Робидонс, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мен мынадай бешпентті сатып алдым. Қатты ұнайды. Ескі киімдерден осындай тамаша бешпент тіккендеріне ризамын. Бұл айналмалы экономика үшін өте маңызды. Мен де табиғатты аялауға үлес қосқаныма қуаныштымын.

Қазақстандық шебердің қолынан шыққан эксклюзивті, бір ғана данамен тігілген киімдерден Бельгиядағы қазақстандықтар да сатып алып, жерлестеріне қолдау көрсетті. «Көшпенділер ұрпағы ысырапқа ешқашан жол бермеуі тиіс» деген Оксана ескі киімге жан бітіру бойынша отандық дизайнерлермен тәжірибе алмасуға ниетті. Осылайша, ол Қазақстанда да қалдықтарды азайтып, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға үлес қоссам дейді.

Бөлісу