Қарағанды облысында 143 шақырым электр желісі қайта жаңартылады
Қарағанды облысында электр желілерінің 68 пайызы тозған. Соның кесірінен көптеген елді мекендер тұрақты электр көзіне жарымай отыр. Өңірде бұл мәселені шешу үшін былтыр электр желілерін кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Алдымен жиі апат болатын, кернеуі төмен ауылдарға басымдық берілген. Өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы ауылдағы ағайынның базынасын тыңдап қайтты.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Біз қазір Қарағанды қаласының іргесіндегі Узенка ауылындамыз. Аядай ауыл облыс орталығынан таяқ тастам жерде орналасқан. Мұндағаны тоқ желелір сонау 1960 жылдан бері мүлде ауыспаған. Тозығы жеткен тоқ желілерінің кесірінен жұртшылық жарыққа жарымай келеді
Юрий Метриченко - осы елді мекеннің байырғы тұрғыны. Зейнеткер үйіне жаңа жылыту қазандығын орнатқанымен, оны іске қоса алмай отыр. Себебі үздіксіз жылу беру үшін кернеуі тұрақты электр энергиясы керек. Ал ауылдағы электр желілері әбден тозған.
Юрий Метриченко, Узенка кентінің тұрғыны:
Соңғы 4-5 жылда үйдегі тұрмыстық техникамыз екі рет жанып кетті. Тоқ кернеуі тұрақсыз. Сымдардың қысқа тұйықталуы жиі болады. Мен мұнда 1960 жылдан бері тұрамын. Бұл электр желілері сол кезден бар. Кернеу айырмашылығы өте үлкен. Қазір мен үйге тоқ тұрақтандырғыш орнатып қойдым. Биыл желілерді жаңалап жатыр. Енді бәрі жақсы болады деген үміттеміз.
Қазір елді мекенде жоғары вольтты кабельдік желілер салынып, жаңа трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылуда. Ескі бағандар мен сым түгел ауыстырылып жатыр.
Дмитрий Бутыгин, электр энергиясымен жабдықтаушы компанияның бөлім басшысы:
Қазіргі уақытта үш жаңа трансформатор орнатылды, бұрыннан қолданыстағы бесеуіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған қоса 6 киловольттық жоғары кернеулі кабельдің 6,5 шақырымнан астамы тартылды. Желілерге жақын ағаштардың бұтақтарын кесіп жатырмыз. Себебі олар өсіп кеткен. Жел тұрса сымдарды үзуі мүмкін.
Өңірде электр желілерінің жалпы ұзындығы 27 мың шақырымды құрайды. Бүгінде оның 68 пайызы тозған. Былтыр инвестициялық жобалар аясында 171 шақырым электр желісі жаңартылды. Енді «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша жауапты компаниялар тағы 143 шақырым электр желісін жаңалауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы