Басты Жаңалықтар Қарт бағбан жыл сайын 100 мыңға жуық ағаш көшетін өсіреді

Қарт бағбан жыл сайын 100 мыңға жуық ағаш көшетін өсіреді

Қызылордалық Бектай Сүлейменов еліміздегі ең қарт бағбанның бірі. Тоқсанды алқымдаған ақсақалдың бағынан жыл сайын 100 мыңға жуық ағаш көшеті шығады. Сортаң жерді бір өзі жасыл-желекке айналдырған Бектай атамен тілшіміз тілдесіп қайтты.       

Бектай атаның қала іргесіндегі сегіз гектар бағында сексен түрлі өсімдік бар. Жеміс ағаштарын айтпағанда мұнда бір теректің 10-ға жуық түрі жайқалып өсіп тұр. Табиғаттың тамыршысы атанған қарт бағбан бар ғұмырын осы тал егуге арнаған. Ол жылдар бойы Сырдың шөлді жерінде бірнеше миллион ағаш көшетін өсіріп шығарған.     

Бектай Сүлейменов, бағбан:

12 жасымнан бастап айналыстым. Трактор да, көлік те жоқ еді. Өзім кетпеннің арқасында ағаш егіп қалдым. Мен үнемі су басатын арықтың табанына егемін. Үнемі таза жерде тұрады. Менің тәсілім сол.

Бектай атаның бұл тәжірибесі өз нәтижесін беріп отыр. Өйткені арықтың табанын үнемі су шайып сор баспайды. Отырғызған көшеттері бірден бой көтереді. Ал қылқан жапырақты ағаштарды тұқымнан өсіріп, жергілікті климатқа жерсіндірген. Бүгінде қарт бағбанның бағына жергілікті тұрғындар ғана емес, алыс-жақын өңірлерден де адамдар іздеп келеді.  

Сұлтанбай Қонарбаев, қала тұрғыны:

Басқа жерлерден алған көшеттер жерсінбейді. Қызылорданың көшеттері болғаннан егіп көріп жатырмыз. Жеміс береді деген үміттеміз. Атаға рақмет айтамыз.

Биыл 87 жасқа толатын Бектай Сүлейменов әлі күнге кетпенін қолынан тастаған емес. Қазір балалары мен немерелері де жасыл желек өсіруге машықтанып, бақ ішінде қарияға қолғабыс етеді. Тал егуді науқаншылдықпен емес, іспен дәлелдеген Бектай атаның туған жерге жасаған бұл еңбегі көпке үлгі боларлықтай.

Бөлісу