ЕуроОдақ энергетикалық дағдарысқа тап болды
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты ЕуроОдақта газ 70 пайызға, мұнай бағасы 60 пайызға шарықтады. Одаққа сұйытылған газ жеткізетін ірі экспорттаушылардың бірі - Қатар өз нысандарына жасалған шабуылдан кейін шетелге газ экспортын тоқтатқан болатын. Ормуз бұғазының жабылуы да аймақтағы өзге өндірушілердің тасымалына кедергі келтірді. Салдарынан Еуропада энергетикалық дағдарыс орын алды. Биліктегілер тұрғындарға энергоресустарды үнемдеуге кеңес беруде.
ЕуроОдақтағы көгілдір отын қоры түгесілуге таяу. Германия мен Францияда жерасты газ қоймалары 22 пайызға, ал Нидерландта алты пайызға ғана толы. Отын қорының жетіспеушілігінен жанар-жағар май бағасы бір айда 20 процентке көтерілді. Дизельдің бір литрі бүгін Бельгияда 2 еуро 26 цент. Қымбатшылық қарапайым халықтың қалтасын қаға бастады.
Паскаль Койбэ, Брюссель қаласының тұрғыны:
Дизельдің литрі үш еуроға жетіп қалды. Сұмдық қой. Азық-түлік бағасы, коммуналдық қызмет - бәрі қымбаттады. Қалай өмір сүреміз енді?
Авиаотынның құны да екі есеге өсіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Салдарынан Германияның Люфтганза компаниясы 40 ұшақты уақытша тоқтатпақ. Өзге әуе компаниялар да «шығынымыз шаш етектен» деп билеттің бағасын көтеріп жатыр.
Дэн Йоргенсен, Еуропалық Одақтың энергетика жөніндегі комиссары:
Таяу Шығыстағы дағдарыс екінші айға созылғалы біздің де өте күрделі жағдайға тап болғанымыз айқын. Қақтығыстың кесірінен ЕуроОдақ қазба отын импортына қосымша 14 миллиард еуро жұмсауға мәжбүр болды. Біз үшін қазір энергетикалық тәуелсіздігімізді нығайтып, таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия жүйесін құру өте маңызды.
Энергетикалық дағдарыстың ұзаққа созылатынын ескерткен биліктегілер тұрғындарға қоғамдық көлікпен жүріп, қашықтан жұмыс істеп, мейлінше үнемдеуге шақырады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еурокомиссиядағылар биыл Одақта экономикалық өсім бір пайызға төмендейтінін айтады. Ал «Goldman Sachs» сарапшылары екінші жарты жылдықта инфляция деңгейі 3,2 пайызға жетеді деп болжайды. Бұл Еуропалық Орталық банкті несие ставкаларын көтеруге мәжбүрлейтін болса, онда қарт құрлық елдерінде бизнес пен өнеркәсіп тұралап, кедейліктің қамытын киетіндердің қарасы көбейеді, дейді экономистер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы