Жаппай рейд: Жол тәртібі сын көтермейді
Алматыда екі күнде 5 мың жол ережесін және қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі анықталды. Жүргізуші куәлігінсіз, масаң күйде қарсы бетке шыққандар көп. Айып тұрағы да көлікке лық толды. Алматыдағы ахуалды әріптесім Әйгерім Ердәулет тарқатып айтсын.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Иә, небәрі екі күннің ішінде Алматыда 5 мың жол ережесін бұзу дерегі тіркелді. 2 мың адамның көлігі айып тұрағына қойылды. Ережені елемейтіндер көбіне кімдер? Біз де бүгін полициямен бірге рейдке шығып, анықтамақпыз.
Бірнеше сағаттың ішінде жүздеген көлік тоқтатылып, тексерілді. Көбіне күндіз қауіпсіздік белдігін тақпай, терезеге қара пленканы жабыстырып алғандар көзге түсті.
Рейд барысында бір көлікке бұған дейін 40-қа жуық айыппұл салынғаны белгілі болды. Көбі жылдамдықты асырғаны үшін.
Ережені елемей, заңды өрескел бұзғандардың көлігі айып тұрағына жеткізіліп жатыр. Екі күнде жиналған екі мың көлікке бүгін тағы қосылды. Полиция өзге елден келіп, азаматтық алғандардың да темір тұлпарларын тұраққа қоюда. Енді олар арнайы тестілеуден өтіп, куәлігін жаңартқан соң ғана көліктерін алып кете алады.
Азамат Назарбаеков, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
Екі айдың ішінде олар басқа мемлекеттің жүргізуші куәліктерін біздің Қазақстан мемлекетінің жүргізуші куәлігін ауыстыруға міндетті. Қазіргі уақытта айып тұрағына қойылып жатқан көліктердің бірі осындай боп жатыр. Өз міндеттерін орындамаған. 60 күннің ішінде басқа мемлекеттің жүргізуші куәлігін ауыстырмай, Қазақстан азаматтығын алып алған азаматтар анықталып, айып тұрағына қойылып жатыр.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Айып тұрағына қойылып жатқан көлік жүргізушілерінің көбі: құжатсыз, сақтандырусыз, нөмірсіз. Техникалық ақауы барлар да жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ масаң күйде қарсы бетке шыққандар көп екен.
Ал жылдамдықты асырып, масаң күйде қарсы бағытқа шығатындардың көбі түнгі рейдте ұсталып жатыр. Жалған нөмір тағып, қаланың қақ ортасында жүйіткіп жүретіндер азаймай тұр. Мәселен, екі күнде 8 жүргізуші жалған нөмірмен, 15 адам қарсы бетке шығып қауіпті жағдай туғызған. Айта кетейік, бұған дейін дәл осылай әл-Фараби даңғылында қарсы жолаққа шыққан көлік жүргізушісінің кесірінен, оқиға орнында 3 адам қаза тапқан еді. Содан бері қаладағы тәртіпті орнатуға өзге 4 аймақтан 20 экипаж көмекке келді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы