Басты Жаңалықтар «SuperStar KZ» жобасына кастинг басталды

«SuperStar KZ» жобасына кастинг басталды

Араға 20 жыл салып, талай жастың жұлдызын жаққан «SuperStar KZ» жобасы қайта оралды. Миллиондаған көрерменді экран алдына жинаған бұл музыкалық дода енді жаңа есімдерді іздеуге кірісті. Аты аңызға айналған ән байқауының алғашқы кастингі Шымкентте өтті. Іріктеу барысы жайлы аймақтағы әріптесім Ернұр Уәлихан тарқатып айтады.

Кастинг алаңындағы атмосфера ерекше. Кезек күткен үміткерлер қатты толқып тұр. Солардың бірі — Арсен. Бала кезінен ән айтуға құмар өскен ол, өнерлі шаңырақтан шыққан. Тыңдалымға кірер алдында қатты қобалжығанын жасырмады.

Арсен Мұстафаев, қатысушы:

Осы кісілердің ішінде біреуіне ұнап қалып, жеке жұмыс жасағым келеді. Өзімнің өнерім бар ғой. Жарайсың деген сөзді естідім. Ұялы телефонға хабарлама келеді екен.

Шымкент — кастингтің алғашқы қаласы болып бекер таңдалған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өңір өнерге жақын, дарынды жастарымен ерекшеленеді. Бүгінгі тыңдалым соның айқын дәлелі. 150-ге жуық үміткер өз бағын сынап көрді. Қазылар алқасы олардың деңгейін жоғары бағалап отыр.

Алтынбек Рахметов, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының креативті продюсері:

Жас таланттардың көп екеніне таңғалып отырмын. Біріншіден, қуанып отырмын. Бір ай бойы қайтадан іріктеп, соларды өткізгендерімізді қарап, бүкіл өңірлерден келген мың адам ішінен 150-і финалға қатыса алады.

Жобаға өнерге бейім, 16–25 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Іріктеу кезеңі 4–26 сәуір аралығында еліміздің 9 қаласында өтеді. Ал офлайнға қатыса алмағандар үшін онлайн формат та қарастырылған — өтінішті @superstarkz Telegram арнасы арқылы жіберуге болады.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Шымкенттен басталған тыңдалым Алматыда түйінделеді. Бұл — тасада жүрген таланттарға өздерін танытатын үлкен мүмкіндік. Кастингке қатысыып, бағыңызды сынап көріңіз. Бәлкім, келесі жарқ етер жұлдыз сіз боларсыз.
Бөлісу