Қазақы тазы саны төрт мыңнан асты
Қазақы тазы тұқымы төрт мыңнан асты. Алайда мамандардың айтуынша, оның ішінде нағыз құмай тазы әлдеқайда аз болуы мүмкін. Сондықтан елімізде былтырдан бастап генетикалық сараптау жұмыстары жүргізіле бастады. Бүгін Ақтөбеде өткен тұқымдық байқауда асыл тұқымды иттерге құжаттар берілді.
Жақсыбек Кемал, Тілші:
Бұл «Боран» атты тазы. Осы уақытқа дейін бірнеше байқауда топ жарған. Аңға да шығады. Иесі Оралдан әдейі әкелген. Бүгін «Нағыз тазы» деген құжат алуы тиіс.
Ержан Ідірісов соңғы екі-үш жылдан бері қазақы тазы тұқымын көбейтуге ден қойған. Қазір үш ит асырап отыр. Басты мақсатым аң аулап, қызық қуу емес, нағыз құмай тазының тұқымын асылдандыру дейді. Сондықтан елімізде өтетін көрмелер мен байқаулардан қалмауға тырысады.
Ержан Ідірісов, Итбегі:
Бір жылдай болды қолыма ұстағаныма. Бұл да жақсы тазы. Құжаты бар.
Қазақстан кинологтар одағының ұйымдастыруымен Ақтөбеде өткен тұқымдық байқауға 40-тан астам тазы тіркелген. Алматы мен Астанадан келген қазылар иттердің дене тұрқын тексеріп, бағалады. Белгіленген стандарттарға сай келетіндері есепке алынып, құжат берілді. Итбегілер мемлекеттен субсидия беру жағы қарастырылса дейді. Өйткені, асыл тұқымды бір итті асырау үшін жылына кемі 500 мың теңгеден астам қаржы кетеді.
Айбар Алпысбаев, Ұлттық ит тұқымдарының сарапшысы:
Келмейтіндері болады. Олар құжат алмай-ақ үйлеріне кетеді. Құжатттандыру, көрмеге қатысу бәрі тегін. Басқа ешқандай қаржылық көмек қарастырылмаған. Тазыны әркім өзі үшін ұстайды.
Қазір еліміздің барлық өңірінде тазы асыраушылар бар. Бұған дейін Алматыда өткен байқауда 115 асылтұқымды ит тіркелген. Бұл шара ит иелері үшін кәсіби мамандардың бағасын алуға жақсы мүмкіндік. Селекционерлер мен тазы асыраушылардың ендігі міндеті – тұқымды асылдандыру, қуғанын алмай қоймайтын құмай тазының санын көбейту.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы