Басты Жаңалықтар «Астана Опера» театрында Вердидің «Травиатасы» сахналанды

«Астана Опера» театрында Вердидің «Травиатасы» сахналанды

«Астана Опера» театрында Вердидің «Травиатасы» жұлдызды құраммен сахналанды. Қойылымда басты партия – Виолетта Валери образын танымал сопрано Мария Мудряк орындады.  Ал оның сүйіктісі Альфред Жермон рөлінде алғаш рет қазақстандық көрермен алдында испаниялық тенор Жоэль Прието болды. Ол әлемнің жетекші театрларында ән салған дарын иесі.

Мария Мудряктың даусы дүние жүзіндегі үздік 10 сопраноның қатарына кіреді. Ол өзінің  кәсіби шеберлігімен еліміздің атын жаһан жұртына танытып жүр. Опера әншісі дәл осы сахнада 21 жасында алғаш рет Виолетта партиясын орындаған. Енді міне, араға тура 10 жыл салып бұл образға өмірлік және кәсіби тәжірибесі толығып, жаңа қырынан келіп отыр.
Мария Мудряк, опера әншісі:
Ең алдымен мен үшін бұл өте көңіл толқытатын сахна әрі үлкен мәртебе. Өзім туған Қазақстанда осындай керемет театрда өнер көрсету маған үлкен қуаныш сыйлайды. Халықтың ерекше қолдауын сезіндім. Әр рөлім өзіме ерекше жақын әрі әрқайсысы өзінше күрделі. Солардың ішінде ең сүйіктілерімнің бірі – Виолетта рөлі. Мен сахнадағы әр сәттен ләззат аламын. Өз кәсібімді, сахнаны, музыканы және көрерменді өте жақсы көремін.
Өнерпазды елордалық тұрғындар да ерекше ықыласпен қарсы алды. Астана опера театрының жетекші солистері, хор ұжымы мен симфониялық оркестрі де таңдаулы кешті сүйемелдеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал Жермон-әке партиясын әйгілі баритон Талғат Мұсабаев орындады.
Талғат Мұсабаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
«Травиата» операсы – әлемдегі ең танымал шығармалардың бірі десек болады. Біз оны көрерменге әрдайым әртүрлі солистермен ұсынуға қуаныштымыз. Бүгін Мариямен бір сахнада өнер көрсету – үлкен қуаныш. Ол кәсіби тұрғыда өсіп, халықаралық деңгейде танылып келеді. Бір кезде жас, енді ғана бастап жүрген әнші еді. Бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген нағыз кәсіби әртіс. Әсіресе Қазақстаннан шыққан солистердің осындай биік деңгейге жетіп жатқаны бізді қуантады.
Травиата әлемдік опера өнерінің асқар шыңдарының бірі болып қала беретіні анық. Себебі бұл махаббат, еркіндік және тағдырды өзгерте алатын батылдық туралы шығарма.


Бөлісу