Басты Жаңалықтар Жамбылдық жас мамандар жұмысқа конкурссыз қабылдана бастады

Жамбылдық жас мамандар жұмысқа конкурссыз қабылдана бастады

Жамбыл облысының мектептеріне 50-ден астам педагог жетіспейді. Сондықтан аймақтағы ағарту орындары зейнеткер ұстаздарды жұмысқа тарту арқылы қажеттілікті жауып отыр. Бұл мәселе әсіресе ауылды жерлерде айқын сезіледі. Соның салдарынан математика, физика, химия пәндері бойынша маман тапшы. Жамбылдағы ұстаз жетіспеушілігінің себеп-салдарын Данияр Әлімқұл саралап көрді.  

Жамбылдың мектептері мұғалімге мұқтаж. Бүгінде жоғары оқу орнын бітіргендер парта бойлағаннан пайда жоқ деп ойлай ма, әйтеуір педагог болуға пейіл білдірмей тұр. Аймақтағы ағату ошақтары ардагер ұстаздарға арқа сүйеуге мәжбүр. Қосалқы қызмкеткерлерді де тартып әлек. Ал жас педагог жұмысқа тұру үшін конкурс деген кедергіге кездеседі.
Әсел Кіребек, маман:
Әдетте мұғалімдер жұмысқа тұру үшін конкурстан өту керек. Ал бұл жас мамандар үшін қиынға соғатыны белгілі себебі бізде ешқандай жетістік жоқ, жұмыс жасаған уақытымыз жоқ деген секілді.
Қуантарлығы - биыл алғаш рет аймақ мектептері GPA-ы 3.4 балға жететін жас мамандарды жұмысқа конкурсыз қабылдай бастады. Бұл арнайы білімі бар жастарға білікті мұғалім болуға мүмкіндік берді. Соның бірі - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет түлегі Ғазиза Белгібаева.
Ғазиза Белгібаева, Тараз қалалық №66 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Жоғары оқу орнын тәмәмдайтын кез келген студент үшін бұл үлкен бір мәселе десем де болады. Ертеңгі күні «менің дипломым қолда, енді қайда жұмысқа тұрамын» деген сияқты, алайда мен жолым болған жас маманмын десем де болады. Мұғалім, ұстаз бір ұлттың болашағына, біліміне жауап беретін жауапты тұлға болатындықтан, меніңше, бұл біз үшін үлкен бір мүмкіндік.
Назым Ноғаева, Тараз қалалық №66 орта мектебі директорының орынбасары:
Қазіргі жас мамандардың сабақ беру үдерісінде оқушылардың қызығушылығы өте жоғары, артып келе жатыр. Өйткені түрлі платформада жасанды интеллектімен сабақ өткен кезде бұрынғы педагогтарымыз жасанды интеллектіні үйренеді десек те болады.
Жалпы, Жамбылда 107 жас маман конкурссыз жұмысқа қабылданды.   Нәтижесінде маман тапшылығы бірден 4 есе азайды. Айталық, былтыр аймақ мектептеріне 268-ге мұғалім жетпесе, биылғы тапшылық 53-ке төмендеді.
Ләззат Қызылқұлова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл жоба алда да жалғасады. Келесі оқу жылына да бұл жобаны әрі қарай жалғастырамыз. Жас мамандарды конкурссыз жұмыспен қамтимыз.

Енді келер жылы аймақта маман тапшылығына қатысты мүлде мәселе туындаумауы мүмкін. Жауаптылар жоба аясында жетіспеушілік жиі кездесетін жаратылыстану пәндеріне қатысты кадрлық тапшылықты толық шешпек.

Бөлісу