Алматыда қалдықты құрылыс материалына айналдыратын зауыт ашылды
Алматыда өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Жоба толықтай отандық технологияға негізделген. Кәсіпорын Satbayev University ғалымдарының әзірлемелері арқылы жүзеге асқан. Ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академиктер мен сала мамандары қатысты. Жоба Мемлекет басшысының университеттер жанынан технологиялық парктер құру және ғылымды өнеркәсіп саласына интеграциялау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында іске қосылған.
Кәсіпорында жергілікті минералды шикізат пен өндірістік қалдықтар өңделіп, құрғақ құрылыс қоспалары өндіріледі. Бұл тәсіл қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Зауыт жанынан оқу-зертханалық кешен ашылған. Мұнда магистранттар мен докторанттар тәжірибе жинап, жаңа материалдарды сынақтан өткізеді.
Руслан Нұрлыбаев, зауыт директоры:
19 түрлі құрғақ құрылыс қоспаларын шығарады. Яғни бір ауысымда 100 тоннаға дейін. Бүгінгі күні тауар толық сертификатталды. Патенттелді. Сонымен қоса үлкен құрылыс нысандарында біз апробациядан өткіздік.
Кәсіпорын – ғылым мен өндірісті ұштастыруға бағытталған ірі инновациялық жобаның бір бөлігі. Мамандардың айтуынша, өнімдер жоғары беріктігімен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде отандық құрылыс компаниялары оларды кеңінен қолдана бастаған.
Елжан Орынбеков, бас технолог:
Шетелдік бұйымдармен салыстыра отырғанда бірінші баға жағынан жеңілдік бар. Екінші, мына құрылыс материалдарының рецептурасына байланысты физика-механикалық қасиеттері жақсы.
Жобаға отандық бірнеше жоғары оқу орны мен ғылыми ұйым қатысқан. Сарапшылар мұндай бастамалар университеттердің өндірістік дамудағы рөлін күшейтіп жатқанын айтады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрін көбейту жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы