Басты Жаңалықтар Енді жеке деректерді кім таратқанын тексеруге болады

Енді жеке деректерді кім таратқанын тексеруге болады

Қазақстандықтар жеке деректерін кім таратқанын тексере алады. Nomad Guard деп аталатын арнайы жүйе іске қосылды. Қосымшаны қалай пайдаланамыз? Мәліметтер ұрланса, әуелі кімге шағымдану керек?  

Жанел Нұрболатқызы, тілші:  

Әлдебіреулер хабарласып, мазалайды. Телефонға дамыл жоқ. Нөміріңізді тауып алғаны былай тұрсын, аты-жөніңізді де біледі. Енді алдап, банк картасындағы үш санды айтқызса – шаруасы түгел. 

Әккілердің мұндай схемасын жақсы білеміз. Бірақ сауал көп. Бастысы –  жеке деректер қашан, қалай тарап кеткен? Енді мұны анықтауға болады. Арнайы онлайн қызмет іске қосылды. Ол деректер жинақталған барлық жүйені сүзгіден өткізе алады. Яғни мемлекеттік қызмет аларда, банкте немесе әлдебір сайтқа мәлімет енгізген болсаңыз – соның бәрі осы жүйеде көрінеді. Деректерді кім, қай уақытта алғанын да анықтап береді.

Сонымен қосымшаны қалай пайдаланамыз? Әуелі eGov mobile-да «Қызметтер» батырмасын таңдайсыз. Одан кейін Nomad Guard бөліміне өтіп, «тексеру» түймесін басу қажет. Нәтижесін білу үшін «Менің тексерістерім» бөліміне өтесіз.

Деректерді кім пайдаланғанын білдік. Әрі қарай не істейміз? Егер тізімде сіз жүгінген сайт, не мекеме болса, алаңдамаңыз. Мысалы, сайт арқылы киноға билет алдыңыз делік. Деректеріңізді сол күні бір рет қана қолданған. Демек, күдікті олар емес. Ал тізімде сіз ешқашан қолданбаған қызмет түрі болса, Цифрлық даму министрлігіне хабарлау қажет. Ол үшін қайтадан, eGov қосымшасына кіріп, е-Өтінім батырмасын таңдау керек. Бұдан соң тиісті ведомствоны таңдайсыз да, «Сипаттама» бөліміне жағдайды баяндайсыз. Ал файлдар бөліміне Nomad Guard қосымшасынан алған тізімді бекітесіз. Оны жеке деректеріңіз тарағаны туралы дәлел ретінде ұсына аласыз. Міне, осы қадамдарды жасағаннан кейін білгісіз нөмірлерден келетін қоңыраулар тыйылады, дейді жауаптылар.


Бөлісу