Басты Жаңалықтар Шымкентте су арналарының айналасы қоқысқа толы

Шымкентте су арналарының айналасы қоқысқа толы

Шымкенттегі су арналарының айналасы қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Қос диірмен каналының бойында тұрмыстық қалдықтар тіпті  су бетінде қалқып жүр. Мамандар бұл келеңсіздікке  тұрғындардың өздерін кінәлайды. Мәселе қалай шешіледі?

Ернұр Уәлихан, тілші:

Қос диірмен су арнасының қазіргі сиқы осы. Айнала тұрмыстық қалдық тастайтын орынға айналған. Дегенмен 3 апта бұрын дәл осы жерде жауаптылар жаппай тазалық жұмыстарын жүргізіп, 60 кубтан астам қоқыс шығарған.

Шымкентті бойлай өткен су арналары – қаланың өзегі еді бір кездері. Алайда қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Су бетінде қалқып жүрген пластик пен бөтелкелерден көз сүрінеді. Тазалық сақталуы тиіс аумақтарды  қоқыс басып барады. Жергілікті тұрғындар жағдайды реттеу үшін бейнебақылау камераларын қойып, айыппұл салуды ұсынады.

Әсет Әссанди, қала тұрғыны:

Ішіп бара жатқан судың бөтелкесін, темекісін лақтырып кете береді. Ересек адамдар да сүйтеді. Баяғыдан бері айтылып келе жатыр, видеокамералар орнатып қойса, айыптыларға шара қолданып, жазалап тұрса, тоқтайды ғой.

Алтай Ордабеков, қала тұрғыны:

Көрінген жерге тастамау керек. Тазалықты адамдар өзінен бастауы керек. Қандай жәшік қойса да, халық үйреніп қалған. Нақты кім деп айта алмаймыз, бірақ қаладан келіп ешкім тастамайды. Мұның бәрі жергілікті халықтың қоқысы.

Шымкентте 34 канал мен 2 өзен бар. Оның аумағын тазалайтын мердігер мекеме бекітілген. Жұмыс жүйелі жүргізілгенімен, тұрғындардың қоршаған ортаға жаны ашымаса бәрі бекер дейді олар. 

Нұрмахамбет Сейтбеков, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы:

Қайсысын ұстап аламыз? Қазір тазалаған жерді бір айналып келсеңіз де қоқыс жатады. Сол сияқты дүние. Бұл бір адамның, мекеменің, әкімдіктің қолындағы дүние емес. Жеке сол аумақтағы тұратын тұрғындар тарапынан да атқарылуы тиіс жұмыстар.

Миллион тұрғыны бар шаһарда экологиялық мәдениетті арттыру өзекті болып тұр. Бұдан былай тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинауға арналған контейнер қала аумағында 100-ден астам жерге қойылмақ.

Бөлісу