Алматылықтардың 40 пайызы жыл сайын маусымдық аллергиямен күреседі
Алматылықтардың 40 пайызы жыл сайын маусымдық аллергиямен күреседі. Қазір ағаштар гүлдеп, шаң-тозаң көбейген шақта, көптің тынысы тарылып, көзі жасаурап, дәрігерге жүгіну жиілеген. Аллергияның азабы аздай, науқастардың жағдайын ластанған ауа да қиындата түседі. Қайтпек керек? Тақырыпты әріптесім Әйгерім Ердәулет зерттеп көрді.
Көктем келісімен-ақ алматылықтардың «тынысы тарыла» бастайды. Кей отбасында 2-3 адам аллергияның азабын тартады. Соның бірі қалалық - Құрмет Мерекеұлы. Оның 10 жыл бұрын аллергиясы басталып, кейіннен кенет басылып қалған. Былтырдан бері қайта мазалай бастапты. Бұған дейін ешқандай ем-дом алмай, бүгін бірінші рет дәрігерге келіпті.
Құрмет Мерекеұлы, қала тұрғыны:
Аллергия сәт сайын қозады, құбылады. Кейде кешке, кейде таңертең, кейде түн ішінде пышылдап кеткенде оянып кетемін. Енді тұзды сумен шаямын. Ауа жетпей қалады кейбір кезде.
Дәрігерлер дер кезінде ем алмау өкпенің қабынуына әкеледі, деп дабыл қағып отыр. Бұл диагноз кейде нәрестелерге де қойылады екен. Әсіресе көктем мен жаз айларында науқастар саны күрт артады. Өйткені емен, тораңғы, қайың, қарағаш, жеміс ағаштары гүлдейтін кез. Сондықтан дәл осы кезең де басқа аурумен шатастырып алмау маңызды.
Жадыра Оразбаева, Республикалық аллергиялық орталықтың аллерголог-дәрігері:
Бірінші тұрғылықты жері бойынша терапевтке барады. Сосын лор-дәрігерге. Кейін кішкене уақыт өткізіп алады. Бастапқы да тұмау деп ойлайды. Аллергиялық ренит, маусымдық аллергиямыз бронх демікпесіне ауысып кетеді. 2 жастан асқан балалар осы маусымдық аллергиямен ауруы мүмкін.
Мамандар аллергияны қаланың лас ауасы да үдетеді дейді. Мәселен, Алматыда жылына ауаға бөлінетін зиянды қалдық 189 мың тоннаға жеткен. Бұл 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 62 мың тоннаға көп. Қала әкімдігі қазір экологиялық жағдайды жақсарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ләйлә Мұхаметрахымова, қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы:
Біріншіден, көліктер бойынша, стационарлық бекеттерде көліктерді тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жасыл желектерді көркейту, дамыту, көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, ЖОЭ-2, ЖОЭ-3 модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айтпақшы, ауадағы зиянды қалдықтарды азайту үшін биыл 30 желтоқсаннан бастап көмір мен жанар-жағармайды газдандырылған аудандарда пайдалануға тыйым салынады. Ал аллергияны толық емдейтін бірреттік екпе жоқ. Алайда алдын-ала иммундық терапия алу арқылы аурудың асқынуын азайтуға болады. Сондықтан мамандар маусым басталмай тұрып тексеріліп, ем қабылдауға кеңес береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы