Үкімет Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті
Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Енді басты құжат әр азаматқа түсінікті болуы үшін нақты қадамдар жасалады. Конституция мәтіні халыққа таратылады. Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы бейімделген формат дайындалады.
Жаңа Конституция әр адамға түсінікті болу үшін негізгі жоспар үш бағыт бойынша жүргізіледі. Ұйымдастыру шаралары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Конституцияның орындалуын құқықтық қамтамасыз ету. Осы бағытта басты құжат мәтіні электронды платформаларда орналастырылады. Яғни телефон немесе компьютер арқылы әркім оқи алады. Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, енді мектеп оқушылары «Ата заңды» арнайы пән ретінде оқитын болады.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сондықтан қазір 5-6 сынып оқитындарға арналған оқу-бағдарламасы дайындалады. «Конституциялық құқық негіздері» деген. 7-8 сынып балаларына арналған «Заң мен тәртіп» деген оқу құралы дайындалады. Оның бағдарламасы дайындалатын болды. Және ЖОО түскен студенттерге міндетті түрде міндетті пәндерінің қатарына Конституциялық құқықтардың негіздері берілуі керек. Бұл туралы да бағдарламаның ішінде бекітілді.
Енді Конституциядағы баптар тек кітапта ғана емес, көшелерде, билбордтарда, әлеуметтік желілер мен телеарналар арқылы насихатталады. Ғылыми сараптамамен әзірленген, тақырыптық материалдар мен ағартушылық жобалар арқылы әр азамат өз құқығын біледі, түсінеді және қорғай алады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мысалы, адамды жалғыз үйінен айыруға болмайды деген принцип бар. Өмірде әртүрлі жағдай болады, азаматтар өзіне қажетті дүниелерді біліп отырғаны жақсы. Менің мүлкіме қатысты, менің бала-шағама қатысты, менің құқықтық органдармен қарым-қатынасым дейтін сияқты әр қайсысынан екі-үш бапты емін-еркін жақсы жаттап, біліп жүргені абзал.
Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» да енгізілді. Бұл жауапты органдар күдіктіні ұстаған сәтте оның негізгі құқықтарын міндетті түрде түсіндіруі керек деген ереже. Яғни ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны және қандай құқығы бар екені егжей-тегжейлі түсіндірілмесе, тергеу заңсыз деп танылады.
Самал Қабышева, тілші:
Қысқасы, бұл өзгерістер қағаз жүзінде ғана қалмауы тиіс. Конститцуия әр адамның күнделікті өмірінде нақты сезілуі керек. Ең бастысы – әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, оны қорғай алатын деңгейде өмір сүруі қажет. Өйткені құқықтық сауатты қоғам – әділетті мемлекеттің негізі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы