Тараз көшелеріне көлік қаңқалары қойыла бастады
Тараз көшелеріне жол апатында жарамсыз күйге түскен көліктер мен мопедтердің қаңқалары қойыла бастады. Облыстық полиция департаменті осындай көріністер арқылы апат санын азайтуға сеп болмақ.
Өйткені жүргізушілер сау тамтығы қалмаған көліктерді көру арқылы жол үстіндегі жауапкершілікті күшейтеді деп отыр. Сондай-ақ, ерекше акция аясында жас жол инспекторлары қолдарына қателікке бой алдырмау, қауіпсіздікті сақтау туралы жазылған арнайы ақпараттық баннерлер жолға алып шықты. Осылайша жеткіншектер балалар қауіпсіздігіне баса мән беру керектігін де түсіндіргісі келді. Айта кетейік, аймақта «Заң мен Тәртіп» қағидасы негізінде жалпы қылмыс 18%-ға төмендеп отыр.
Болат Төлеуішов, Тараз тұрғыны:
Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайды дейді. Мына ішкі істер органының осы шараны бастап жатқанына мен ырза болып отырмын. Бір жағы мынау көшеге қойылған дүние «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді. Сондықтан жаман нәрсені көрсетіп, жақсылыққа шақырып жатыр деп есептеймін.
Ержан Мананбаев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
Бүгінгі таңда 3 айдың қорытындысымен облыс бойынша 377 жол көлік апаты орын алса, онда 32 адам қаза тауып, 564-і әртүрлі дене жарақатын алды. Осы атқарып жатқан іс-шаралар нәтижесінде біз жол көлік апатын 3 ай қорытындысымен 0,3%-ға, қаза тапқандар санын 3%-ға және зардап шеккендердің санын 5%-ға төмендеттік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы