Конституция қағидаттары оқытылады
Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күні кеше Үкімет еліміздің Ата Заңын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық баптары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Премьер-министр Мәдениет және ақпарат министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне өз алдына бөлек назар аударылды. Олжас Бектенов ол бойынша білім беру саласындағы министрліктерге тапсырма берді.
Олжас Бектенов, Премьер-министр:
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауатын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақытылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа Конституцияның нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы