Басты Жаңалықтар Маңғыстауда әлеуметтік жобалар нәтиже бере бастады

Маңғыстауда әлеуметтік жобалар нәтиже бере бастады

Маңғыстау өңірінде мемлекет қолдауымен жүзеге асқан әлеуметтік жобалар бүгінде өз нәтижесін бере бастады. Солардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жанды тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орындары бар. Бұл жобалар бойынша кәсіп иелеріне қайтарымсыз грант берілген.

Мұнайлы ауданының тұрғыны Әлия Өтемалиева табиғи шұжық өндірісін 2018 жылы бастаған. Бес баланың анасы бұл кәсіпті ең алдымен өз балаларына пайдалы, сапалы өнім ұсыну мақсатында қолға алғанын айтады. Мемлекеттік қолдау жобаның жүзеге асуына жол ашты. Кәсіпкер 5 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, қондырғылар сатып алған. Бүгінде ол ысталған ет өнімдері мен шұжықтың түр-түрін өндіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Сонымен қатар 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Әлия Өтемәлиева, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Біздің мемлекетіміздің қолдауы арқылы құжаттың барлығын жүгіріп жасап, көмектесті. Мұнайлы шұжығы, Маңғыстау қазысы және Мұнайлы сосискесі деген үш брендпен патенттеп, документтерімізді жасап берді. Біз бір айда тонна шығаратын болсақ, қазір грантты алғанымызға, техниканы жұмысқа кіргізгенімізге екі ай-үш ай болды 1,5 тоннаға өсті.
Ақтау қаласында жүзеге асқан әлеуметтік жоба – сұлулық салонында бүгінде 12 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты еңбек етіп жүр. Кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, салонды қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еткен.
Наталия Петренко, Ақтау тұрғыны:
Бізге барлық жағдай жасалған. Бәрі ыңғайлы. Мен емдік массаж жасаймын. Оны екі жыл бойы колледжде оқыдым. Келуші көп, алдын ала жазылып келеді.
Серік Әлиұлы, Ақтау тұрғыны:
Мен ерлер шаштаразымын. Бұрын Бейнеуде жұмыс істедім. Ақтау қаласына келіп, осы салонға жұмысқа орналастым. Маған мұнда бәрін үйретті, жұмысым өзіме қатты ұнайды. 
Бүгінде облыста әлеуметтік бағытта 76 кәсіпкер табысты жұмыс істеп жатыр. Олар дамыту орталықтары, шаштараз, дәмхана, білім және медицина салаларда қызмет көрсетеді.


Бөлісу